Сәу 19, 2016 13:16 Asia/Almaty
  • Иран ертегілері мен аңыздары (11)

Аңыздар мен әңгімелер ауыз әдебиетінің ең танымал әрі ең маңызды көрсеткіштері болып саналады.

Зерттеушілердің пікірінше, ауыз әдебиеті бір халықтың маңызды мәдени тірегі болып табылатындықтан сол елдің мәдениетін байытады. Иран ғасырлар бойы көптеген халықтар үшін өткел болғандықтан, өте бай халық әдебиетіне ие. Қуанышқа орай, қағаз бетінде сақталып қалған Иранның ауыз әдебиеті мақал-мәтел, мысал, жануарлар жайлы хикаялар, жыр-дастандар, өлеңдер, марсиелер мен батырлар жырларын қамтиды. Мысал – балалар мен жасөспірімдерге өлең немесе ырғақты проза түрінде айтылатын көңілді әрі жеңіл қысқа ертегі түрі. Мысалдардың кейіпкерлері хайуанаттар мен табиғи құбылыстар, ал кейбір кездері адамдар да болады. Мысалдардың балалар мен жасөспірімдердің көңілін көтеру міндетімен қатар, әлеуметтік және тәрбиелік мазмұны да бар. Бала мысалды тыңдау арқылы айналасындағы ортамен жақындасады және сол кезден бастап туған жері және оның салт-дәстүрлерімен танысады. "Иран балалар әдебиетінің тарихы" кітабында мысалға мынадай анықтама берілген: "Балалар әдебиетінің ең көп таралған әрі құнды тарауларының бірі – өлең мен хикаяны бір-біріне жалғастырып тұратын мысалдар. Бүгінгі балалар әдебиетінің бір бөлімі – дәл осы ырғақты мысалдардың тарихи және қисынды жалғасы болып табылады. Жалпы алғанда, мысал мен ертегінің айырмашылығы – мысалдағы элементтер ойынының көрнекті рөлі. Әдебиет пен ойынның сабақтастығы мысалға тән ерекшеліктің бірі. Мысалдағы әдебиет пен ойынның сабақтастығы және оның қысқа әрі ырғақты құрылымы мысалдардың алдымен ересек адамдар үшін айтылғанын, ертегімен балалардың кейін танысқанын көрсетеді". Мысалдардың басты ерекшеліктерінің бірі – бала үшін мысал кейіпкерлерімен қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік беретін драмалық кеңістіктің болуы. Бала сол кеңістікке кіріп, өзі де мысал әлемінің бір бөлшегіне айналады. Бүгінгі бағдарламамыздың тақырыбын келесі бөлімде жалғастырып, сіздермен бірге бір мысалды талдаймыз. Құрметті достар, енді өткен бөлімдегі ертегінің жалғасына назар аударайық. Бір түлкінің диірменшінің ұнын ұрлау үстінде қолға түскенін айтқан болатынбыз. Өміріне қатер төнгенін сезген түлкі диірменшіден өзін босатуын өтініп, кінәсінің орнын толтырып, диірменшіге жақсылық істеуге уәде береді. Түлкі бір жоспар құрып, шаһ қызына құда түсуді сылтау етіп, аты Тузали бекке ауысқан диірменшіні саудагер ретінде шаһ сарайына алып барады. Жол үстінде түлкі өзінің жоспарына сай диірменші мен ескі қоқыстарды суға итеріп жібереді. Бұл ісімен ол шаһ үшін көптеген қымбат сыйлықтар алып келе жатып, жолда су заттардың барлығын ағызып алып кеткен сияқты етіп көрсетпек болады. Шаһ түлкіден болған оқиғаны естіген кезде, түлкі иесін киіндіріп алып келу үшін оған біраз киім беруге бұйырады. Түлкі диірменшіге барып, оны киіндіріп жатқан кезде: "Ей, Тузали бек! Сарайға кірген кезде жарқын дауыспен амандасып, падишаһтың қасына барып отырасың. Ар жақ бер жағыңа қарама, себебі сені түк көрмеген екен деп ойлап қалады" деп кеңес береді. Қысқасы, түлкі мен аты енді Тузали бекке ауысқан диірменші шаһтың киімін киіп сарайға қарай бет алады. Енді ертегінің жалғасына назар аударайық: Тузали бек пен артында келе жатқан түлкі шаһ сарайына жетеді. Сарайға кірген кезде, түлкі салем береді. Бірақ түлкінің айтқанын естен шығарған Тузали бек сарайдың ортасында сілейіп тұрып қалып жан-жағына таңырқай қарайды: төбе, қабырға, тақ. Шаһ түлкіге қарап: "Барлық жерге зер салып қарап тұрғанына қарағанда, сенің иең түк көрмеген сияқты ғой?" деп сұрайды. Түлкі: "Әлемнің құбыласы саламатта болсын! Сіз иемнің тілін түсінбейсіз" дейді. Шаһ: "Не айтып тұр?" деп сұрайды. Түлкі: "Ештеңе. Ием ар жақ бер жағын қарап: Мені қарғыс атсын. Қандай күйге түскенімді қара! Өзімнің анадай байлығым тұрғанда, шаһтың ескі-құсқысын кидім" деп ренжіп тұр» деді. Шаһ ашуланса да сыртқа білдірмеген сыңай танытады. Тузали бектің өлшемдеріне сәйкес киім тігіп, оған сарайдың бір бөлмесін дайындауды бұйырады. Бірнеше күн өтеді Түлкі шаһқа барып: "Әлемнің құбыласы саламатта болсын! Біз бұл жерге ішіп-жеп, ұйықтау үшін келген жоқпыз. Иемнің байлығы мен кереуені далада қалды. Енді барып жағдайымызды не болғанын көруіміз керек. Сенің қызыңа құда түсу үшін келдік. Қызыңды бересің бе, бермейсің бе?" дейді. Шаһ ештеңе айтпай, ойланып қалады. Түлкі: "Үнсіздік – келісімнің белгісі. А... жазса құтты болсын!" дейді. Қысқасы, шаһ қызы мен Тузали бектің некесін қидырып, қыздың жасауы ретінде қырық құл, жүкке толы қырық қашыр, қырық жылқы мен қырық түйені алып жолға түседі. Салы суға түскен диірменші түлкіге: "Мыналарды мен қайда алып барамын? Менің ескі диірменім мыналарға мекен бола ала ма?" деп мұңын шағады. Түлкі: "Мен үйді дайындау үшін ертерек барып хабар берем" дейді. Иесіне: "Мыналарды пәлен жерге, пәлен тауға алып бар" деп бір тау шыңындағы сарайда салтанатпен өмір сүріп жатқан жеті пілді іздеп кетеді. Түлкі пілдерге келіп, олармен амандасады да: "Мына алдағы шаңды көріп тұрсыңдар ма?" деп сұрайды. Пілдер: "Ия көріп тұрмыз" дейді. Түлкі: "Падишаһ қызының есі ауысты. Сарай емшісі піл майын жағудан басқа бұл ауруды емдеудің тәсілі жоқ деді. Енді өздерің білесіңдер. Мен сендерді аяймын. Бұл жерден кеткендерің дұрыс болады. Қанша жерден күшті болсаңдар да, күштерің шаһ әскеріне жетпейді" дейді. Пілдер қашып кеткен соң түлкі сарайды дайындауға кіріседі. Тузали бек жұбайы және қасындағылармен сарайға жетеді. Салтанатты сарайды көрген кезде барлығы таң қалады. Түлкі рас айтыпты: шаһ сарайы Тузали бектің сарайының қасында ештеңе емес екен. Қысқасы, бұның бәрі өтті кетті. Бір күні түлкі Тузали бекке келіп: "Ей диірменші! Менің жақсылығымды көрдің. Енді маған мынаны айт: менің жаназамды қалай шығарасың?" деп сұрайды. Диірменші: "Сенің суретіңді зүмірет табытқа салып, сені о дүниеге құрмет және салтанатпен шығарып саламын" деп жауап береді. Бір күні түлкі өтірік өлген болады. Диірменші келіп, аяқ киімінің тұмысығымен түлкіні ары-бері түртіп көреді. Шынымен де өлген сияқты. Бір құлды шақырып: "Мына түлкіні құйрығынан алып, далаға таста" дейді. Түлкі орнынан атып тұрып: "Ей, тасжүрек диірменші! Сені қай жерден қай жерге жеткізгенімді ұмыттың ба? Сонда менің құйрығымнан алып, далаға лақтырмақшысың ба? Қазір барып пілдерді шақырамын" дейді. Түлкінінің сөзін естігенде падишаһтың қызы санын соғып: "Мәссаған! Мынау диірменші екен ғой, мен білмеппін!" дейді. Диірменші: "Менің кінәмді кешіре гөр" деп жалына бастайды. Түлкі: "Бұл жолы кешіремін" дейді. Шаһ қызы қатты алаңдай бастайды. Түлкі: "Шопан қызы! Не болды, саныңды соғып? Диірменші адам емес пе еді? Шопан қызы әлде сен әлем аруы ма едің?" деп айғай салады. Қыз бұл сөздерді ести салып, есін жинап, үнсіз қалады. Бірнеше күн өтеді. Түлкі тағы да өтірік өлген сыңай танытады. Диірменші қорқақтап, түлкіге жақындайды да оны ары-бері аударып көреді. Шынымен де өлген сияқты. Көзі жеткен кезде құлды шақырып алып: "Мына түлкіні пәлен жерге апарып, жерге көм. Иістеніп кетпесін" деген кезде түлкі атып тұрып: "Бұл жолы сені кешірмеймін! Өзіңді дайында, қазір пілдер келіп, сені аяқтарымен таптайды" дейді. Диірменші қанша жалынса да, бұл жолы түлкі өз айтқанында тұрып, кетіп қалады. Тау мен тасты кезіп, ақырында пілдерді тауып алады да: ""Ақымақ бас екі аяққа тыным бермейді" деуші еді. Менің бір сөзіме сеніп, неге бар өмірлеріңді тастап кете бердіңдер? Диірменші шаһ қызын алып қазір рахат өмір сүріп жатыр. Ал сендер дала кезіп кеттіңдер" дейді. Пілдер бір-бірімен: "Мына түлкі тым қу екен. Бізді алып барып, басымызды пәлеге қалдырар. Біреуіміз түлкіге ілесіп барып, оның не ойы бар екенін көрейік" деп кеңесіп, түлкіге бір пілді ілестіріп жібереді. Ал диірменші болса: "Құрыған жерім осы. Бір нәрсе ойластыруым керек. Қазір түлкі пілдерді ертіп келеді, ал менің қолымда қару да жоқ. Қазір біраз сөйлесіп көрейін. Бір нәрсесі болар" деп ойлайды. Түлкі жақындай бергенде диірменші: "Ей, түлкі! Әкең маған жеті піл берешек еді. Біреуін алып келесің бе? Егер қалған алтауын алып келмесең, теріңді сыпырып аламын да оны сабанға толтырып қоямын" дейді. Бұл сөздерді естіген піл алды-артына қарамастан қаша жөнеледі, ал түлкі жерге құлап, пілдің аяғының астында тапталып қалады. Піл достарына келіп: "Мына түлкі бізді өз аяғымызбен өлімге апармақ екен. Бұл түлкінің әкесі диірменшіге жеті піл берешек екен. Жетеуіміздің де бармағанымыз жақсы болыпты. Әйтпесе басымыздың қандай пәлеге ұшырайтынын кім білсін?" дейді. Қысқасы, түлкі өліп, осылайша диірменшінің көңілі жай табады.