Сәу 19, 2016 13:21 Asia/Almaty
  • Иран ертегілері мен аңыздары (7)

Халықтық аңыз-әңгімелердің тағы бір ерекшелігі – олардың қалыптан тыс таңғажайып оқиғаларға толы болуы, яғни ертегілерде жануарлар мен жансыз заттар адаммен сөйлеседі; кішкентай құмырадан үлкен дәу шығады; адам тасқа, ағашқа немесе хайуанға айналады; тіпті жансыз заттар мен жануарлар адамға айналады.

Бәлкім, көне замандағы ертегілердің ең басты ерекшелігі осы таңғажайып құбылыстар мен шектен тыс әсірелейтін оқиғаларына байланысты болар.

Құрметті достар, назарларыңызға «Иран ертегілері мен аңыздары» бағдарламасының кезекті бөлімін ұсынып отырмыз. Алдымен, әдеттегідей парсы халықтық әдебиетімен таныстығымызды жалғастырып, осы әдебиет түрі туындыларының ерекшеліктерін қарастырамыз. Содан кейін, сіздермен бірге, Иран аңыз-әңгімелері әлеміне саяхат жасаймыз.

Бағдарламамыздың өткен бөлімінде халықтық аңыз-ертегілердің ерекшеліктері жайында айтып, оның үш басты ерекшелігі, яғни ертегіші мен қаһарманның болуы және абсолютизм жайында сөз қозғаған болатынбыз. Аңыз-ертегілердің тағы бір ерекшелігі – оның заманы мен мекені. Туындылардың бұл түрінде заман мен мекен ойдан шығарылғандықтан, аса маңызды емес болып табылады. Сол себепті, ертегілерде оқиғаның орын алған жері мен уақытын анықтау қиынға соғады. Аңыз-әңгімелерде қалалар мен мемлекеттердің кейбіреулері ойдан шығарылған болса, ал тағы біреулері шын өмірден алынған, бірақ бұл екеуі бір-бірімен араласып кеткен, сондықтан оқушы қайсысының ойдан шығарылған екенін, қайсысының шын екенін түсінбейді. Бұның себебі, ешбір мекеннің атауы аңыз бен ертегілердің негізгі оқиғаларына еш әсер етпейді. Ертегілерде барлық қалалардың сипаты бірдей болып келеді.

Тұрақтылық – халықтық аңыз-әңгімелердің тағы бір маңызды ерекшелігі. Ертегілердің кейіпкерлері тұрақты болып келеді және көпшілігінің рухани және болмыстық қасиеттері тұрақты. Тұрақты кейіпкер өз істерінің нәтижелеріне реакция білдірмейді және оқиғалардың ықпалына түсіп, өзгеріске ұшырамайды. Ал қазіргі кездегі туындылардан керісінше жағдайды көруге болады. Романдарда кейіпкерлер оқиғаларға ықпалын тигізіп қана қоймай, өздері де сол оқилардың ықпалына түседі.

Халықтық аңыз-әңгімелерде оқырман кейіпкермен ең басында танысқанда қандай болса, кейіпкер ертегінің соңында да сол қалпында қалады. Уақыт өтеді, кейіпкердің өмірінде әр түрлі оқиғалар орын алады, бірақ ол еш өзгеріске түспейді.

Халықтық аңыз-әңгімелердің тағы бір ерекшелігі – олардың қалыптан тыс таңғажайып оқиғаларға толы болуы, яғни ертегілерде жануарлар мен жансыз заттар адаммен сөйлеседі; кішкентай құмырадан үлкен дәу шығады; адам тасқа, ағашқа немесе хайуанға айналады; тіпті жансыз заттар мен жануарлар адамға айналады. Бәлкім, көне замандағы ертегілердің ең басты ерекшелігі осы таңғажайып құбылыстар мен шектен тыс әсірелейтін оқиғаларына байланысты болар.

Аңыз-ертегілерді зерттеушілер бұл ерекшелік жайында әр түрлі пікір айтуда. Олардың кейбіреулері аңыздардағы таңғажайып құбылыстар ертегілердің дискурсивті жүйесі әлсірейді де, оқырман көзбен көріп, қолмен ұстамаған соң ол оқиғаларға сене алмайды. Осы тылсым дүние оқиғаларының болуына байланысты ертегілердің басым бөлігінде оқиғалардың себеп-салдарлық қатынасының логикалық жүйесі жоқ және бұл жағдай аңыз-әңгімелердің әлсіз көрінуіне себеп болады. Зерттеушілердің осы тобының пікірі бойынша, жалпы алғанда таңғажайып оқиғалар шындыққа сәйкес болмағандықтан, ертегінің құрылымына зарар тигізеді, нәтижесінде аңыз-ертегілер әлсіз және қарапайым болып көрінеді.

Бірақ, халықтық аңыз-ертегілері мамандарының тағы бір бөлігі аңыз-ертегілерді әлемдік әдебиеттің негізі екенін айтады және олардың пікірінше ертегілердің таңғажайып құбылыстар мен тылсым дүниеге толы болуы ертегілерге ешқандай зиян тигізбейді. Себебі, осындай құбылыстар мен оқиғалар аңыз-әңгімелердің негізгі ерекшеліктерінің бірі әрі оларға көркемділік сыйлайды. Оған қоса, қазіргі кезде мүмкін емес болып саналатын оқиғаларға бұрынғы кездегі адамдар сенген. Зерттеушілердің осы тобы өз пікірлерін негіздеу үшін бүгінгі оқиғалардан мысал келтіреді: қазіргі кезде оп-оңай орын алуы мүмкін кейбір оқиғалардың көбін бұрынғы заман адамдары, тіпті көз алдарына елестете алмаған.

 

 ******************************************************

 

Құрметті достар, халықтық әдебиетпен таныстығымызды келесі аптада жалғастырып, бағдарламамыздың бүгінгі бөлімінің жалғасында ертегі тыңдаймыз.

Бұл ертегіде халықтық аңыз-әңгімелер ерекшеліктерінің бірі болып табылатын сиқыр элементтері мен таңғажайып құбылыстар келтірілген. Томпсонның «Arne» атты еңбегінде келтірілгендей, бұл ертегінің 600 нұсқасы грек, фин, түрік, украин, үнді, орыс және француз тілдерінде айтылған екен.

Ерте заманда бір шаңырақтың астында ерлі-зайыптылар өмір сүріпті. Үйленгендеріне бірнеше жыл болса да, олардың перзенттері болмапты. Қысқасы, хакім мен дәрігердің барлық дуалары мен емдерінен кейін Құдай оларға бір ұл бала сыйлапты. Олар ұл баланы Маһер деп атапты.

Жылдар өтіп Маһер есейіпті. Бір күні Маһердің әкесі әйеліне: «Кейін басқаларға тәуелді болып қалмас үшін Маһер енді барып, өзіне бір кәсіп табатын кез жетті» деді.

Ертеңгі күні таңертең анасы қажетті заттарды дайындап берген соң, Маһер мен әкесі жолға шығады. Таулар мен далалардан өтіп, жағалауында бірнеше талы бар бір кішкене көлшіктің маңына жетеді. Әкесі Маһерге: «Кел, дәл осы жерде мына ағаштың көлеңкесіне отырып, түстеніп алайық» дейді. Екеуі алдарындағы астан енді ала бергенде, көлшіктің суы толқып, дәл ортасынан бір ер адам шығып, Маһер мен әкесінің қасына келіп отырады. Судың ішінен шыққан адам Маһердің әкесіне: «Маһерді маған аманатқа қалдыр, мен оған өнердің әр түрін үйретемін. Үш жылдан кейін, дәл осы жерге осы уақытта кел де, Маһерді алып кет» дейді. Әке келісіп, су адамы мен Маһер судың ішіне кіріп кетеді. Ұстазы үш жыл бойы Маһерге әр түрлі өнер үйретеді. Маһердің шеберлігі тіпті ұстазынан да асып түсіп, ұстазының өзі қызғана бастайды. Қысқасы, үш жылдан соң келіскен уақытта су қайтадан толқып, су адамы Маһерді әкесіне қайтып тапсырады. Маһер әкесімен үйіне қайтып келеді.

Маһердің әкесі өте кедей адам болыпты және оның күнделікті табысы тиын-тебен ғана екен. Сол себепті, Маһер үш жылдан кейін өнер үйреніп қайтып келген соң, сол өнерлерін пайдаланып әкесін байытуға бел буады. Әкесіне: «Әке, мен бір сұлу ақ боз атқа айналамын, сен мені күнде базарға алып барып, сатуыңа болады. Бірақ есіңде болсын, жүгенімді мойнымда бос қой, әйтпегенде мені ешқашан қайтып көрмейсің. Жылқыны сатқан соң сол жүгенді күнде үйге алып келіп отыр» дейді. Әкесі келіседі. Осылайша, Маһердің әкесі күн сайын баласының айтқанын орындап, жылқыға айналған Маһерді базарға апарып, сатып, жүгенін алып қайтады.

Осылайша кедей адам байып, ашкөздік пен сараңдық оның ақыл-ойын билеп алғаны соншалық, күннен күнге ақшасы көбейе түссе деп тілейді екен. Бір күні, су адамы бір сатушыға айналып, базарға барады да, жылқыны екі есе бағаға жүгенімен қоса сатып алады, осылайша, ұстазы қайтадан Маһерді қолға түсіреді. Маһердің шеберлігін қызғанған ұстазы оны бақталас санап, өлтірмекші болады. Сол себепті, жылқының жүгенін бір мықты шегемен жерге қадап, өзі жылқыны өлтіру үшін өткір жүз алып келуге асығып жүріп кетеді. Өнер үйренген үш жыл ішінде Маһермен жақын дос болып кеткен су адамының қызы оқиғадан хабардар болып, жүгенді шешіп, Маһерді босатып жібереді. Сол мезгілде ұстаз да келіп қалып, Маһердің қашып бара жатқанын көреді. Ақ боз ат қалпында болған Маһер бір уақытта ақ көгершінге айналып, ұша жөнеледі. Оны қуып келе жатқан ұстазы да, бүркітке айналып Маһерді қуа жөнеледі.

Бір кезде Маһер жерде бір үйлену тойын тойлап жатқан халықты көреді. Тез арада бір хош иісті гүлге айналып, келіннің етегіне жата кетеді. Маһердің ұстазы да бір әншіге айналып, тойға қатысады. Адамдар гүлді қолдарына алып, кезек-кезек иіскеп көреді, осылайша гүл су адамының қолына да жетеді. Су адамы гүлді алып, оның күлтелерін жұла бастайды. Бірақ, гүлдің бір күлтесі қолынан жерге түсіп кетіп, бидайға айналады. Су адамы дереу тауыққа айналып, бидайды тез-тез шоқып, теріп жей бастайды. Бірақ бір бидай дәні домалап, шұңқырға түсіп кетеді де бидай түлкіге айналады. Бұл жолы ұстазының шеберлігі таусылып, басқа еш нәрсеге айнала алмай, тауық қалпында қалып қояды. Түлкіге айналған Маһер ұстазын ұстап алып, жеп қояды.

Құрметті достар, бағдарламамыздың бүгінгі бөлімі өз мәресіне жетті. Аман болыңыздар!

Тегтер