Сәу 19, 2016 13:25 Asia/Almaty
  • Иран ертегілері мен аңыздары (3)

Ирандық эпосты ресми және халықтық әдебиеттен жеке алып зерттеудің нәтижесі осы эпостық туындылардың қайнар көзі мен бастауының бір екенін көрсетті.

Олардың арасындағы жалғыз және негізгі айырмашылығы баяндаушыларында ғана: халықтық аңыз-әңгімелерді қарапайым адамдар баяндайтын, ал парсы классикалық әдебиетін Фердоуси сынды атақты ойшылдар мен шайырлар жеткізетін. Алдымен, алдыңғы бөлімді жалғастырып, сіздерді парсы халық әдебиетімен таныстырамыз, содан кейін сіздермен бірге ирандық хикаялар әлеміне саяхат жасаймыз. Айтып өткеніміздей, халық әдебиеті – қарапайым халық арасында ауызша таралған әдебиет. Әдебиеттің бұл түрінің тілі мен сарыны қарапайым әрі бірқалыпты болып табылады, ал құрылымы мен мазмұны дәстүрлі әдебиеттен өзгеше болып келеді. Парсы халық әдебиетінің туындылары Иранның ресми әдебиеті сияқты проза және поэзия болып екіге бөлінеді. Бағдарламамыздың алдыңғы бөлімінде халық поэзиясы мен қысқа аңыз-әңгімелері жайлы қысқаша айтқан болатынбыз. Қазір сол тақырыбымызды жалғастырамыз. Парсы халықтық хикаяларының бір бөлігі қарапайым халық арасында ертегішілер таратқан ұзақ аңыз-әңгімелерден тұрады. Ертегішілер күн сайын базар мен көшелерде халықты жинап, хикаяларын баяндайтын, ал келесі күні қарапайым халық хикая тыңдау үшін өздері-ақ жиналатын. Сафавилер дәуірінен (16-17 ғғ.) бастап ертегішілер шайханаларда жиналатын болды. Кейінгі дәуірлерге дейін ауызша таралған қысқа аңыз-әңгімелерге қарағанда, көлемді аңыз-әңгімелер бұрынғы заманнан бастап қағаз бетіне түсіріле бастаған. Әдетте, ертегішілердің жиналыстарына кітапты көшіріп жазушылар да қатысып, көлемді аңыз-әңгімелерді қағаз бетіне түсіріп отыратын. Көптеген аңыз-әңгімелердің қолжазбаларының нұсқалары осылайша жиналған. Қолжазбалары сақталып қалған бір аңыз-әңгіменің әр түрлі нұсқаларының мазмұны бір-біріне ұқсағанымен, құрылымы мен айтылу формасы жағынан әр түрлі болып келеді. Бұның себебі, ертегішілер әр түрлі аймақтарда бір хикаяны баяндаған кезде өз мәнеріне сай жаңалықтар қосып, немесе, керісінше, кейбір бөліктерін алып тастайтын. Халықтық хикаялардың көбі Сафавилер дәуірінен бастап құрастырыла бастады. Бірақ, Сафевилер дәуірінен бұрын пайда болған ең көне және негізгі халықтық аңыз-әңгімелердің қатарына «Ескендірнама», «Дарабнама», «Фирузшаһ», «Айлакер Сәмәк» және «Хамза қиссасы» сынды шығармалар жатады. Бұл аңыз-әңгімелер прозалық туындылар болып табылады, сонымен қатар аталмыш шығармалардан эпостық сарын байқалады. Кейбір халық әдебиет зерттеушілері аталмыш аңыз-әңгімелерді ақсүйектер табының әдебиеті болып саналған классикалық әдебиет қатарына жатқызатын, ал негізінде, зерттеу нәтижесінде ресми әдебиеттің туындыларының қарапайым халықтық әдебиеттен бастау алатындығы белгілі болды. Ирандық эпостарды ресми және халықтық әдебиеттен бөлек алып зерттеу – осы эпостық туындылардың қайнар көзі мен бастауының бір екенін көрсетті. Олардың бір-бірінен негізгі айырмашылығы баяндаушыларында ғана: халықтық аңыз-әңгімелерді қарапайым адамдар баяндайтын; ал парсы классикалық әдебиетін Фердоуси сынды атақты ойшылдар мен шайырлар ауыз әдебиетінің негізгі идеяларын алып, өздерінің ой көрігі арқылы халыққа жеткізген. Халықтық хикаялар – көптеген ғасырлар бойы ұлттық өмірдің барлық ерекшеліктерін қамтып көрсететін Иран халқының өмірінің айнасы болып табылады. Халықтық аңыз-әңгімелерді әр түрлі топтарға бөлуге болады, мысалы, соғыс, сезімталдық, діни, айлакерлік тақырыпқа құрылған аңыздар мен хайуандар сөйлейтін ертегілер. Халықтық аңыз-әңгімелердің маңызды бір ерекшелігі – бізге сол дәуірлердің әдет-ғұрыптары мен рәсімдерінен хабар беретін егжей-тегжейлердің айтылуы. Шынымен де, ертегішілер өздерінің жұмыстарымен тарихты толықтыра түскен. Халықтық проза сезімталдық пен қиялға толы, себебі, ертегішілердің негізгі мақсаты – тыңдарман мен оқырмандардың көңілін көтеру болған. «Ескендірнама», «Дарабнама», «Фирузшаһнама» сияқты көлемді аңыз-әңгімелердің негізгі кейіпкерлері – шаһтар мен шаһзадалар. «Хамза» хикаясының негізгі кейіпкері де ақсүйектер қатарынан шыққан адам. Тек «Айлакер Сәмәк» хикаясы ғана қарапайым халық арасынан шыққан айлакер жайлы баяндайды. Осы аңыз-әңгімелерде әйел адам ерекше орынға ие. Кейбір хикаяларда тарихи оқиғалар аңыздармен араласып кеткен. Құрметті достар, парсы халық әдебиетімен танысуымызды келесі бағдарламада жалғастырамыз. Бүгінгі бағдарламада назарларыңызға «Иран халық аңыздарының сөздігі» жинағынан алынған бір хикаяны ұсынамыз. Мұхаммед атты бір жас жігіт болыпты. Ол анасымен бірге тұрып, аң аулаумен айналысыпты. Бір күні кешке терісі жып-жылтыр үлкен бір аңды көреді. Мұхаммед хайуанды өлтіріп, терісін сыпырып алады. Терісін шаһқа апарып беріп, жақсы сый алмақ болады. Орта жолда шаһтың уәзірі Мұхаммедті көріп, одан теріні сатып алайын дегенде, Мұхаммед оған сатпай қояды. Ал уәзір ішіне өкпе бұғып қалады. Мұхаммед теріні алып өз жолымен кетеді. Шаһ жылтыраған теріні көрісімен, уәзіріне Мұхаммедке сыйақы беруді бұйырады. Бірақ уәзір оны ешкім жоқ жерге алып барып, соққыға жығады. Мұнымен қоймай, уәзір Мұхаммедті өлтірту үшін, шаһқа келіп Мұхаммедтен піл сүйегінен сарай салдыртуын бұйыруды сұрайды. Шаһ Мұхаммедтен піл сүйегінен сарай салуды талап етеді. Мұхаммедтің салы суға кетіп, үйіне қайтады. Анасы ұлының ұнжырғасының түсіп кеткенін көріп, себебін сұрайды. Себебін білген кезде ұлына пілдерді аулаудың тәсілін үйретеді. Анасы: «Базарға барып, біраз естен тандыратын дәрі сатып ал. Бір жерде бұлақ бар, пілдер су ішу үшін күн батар кезде сол жерге келеді. Естен тандыратын дәріні суға сал. Пілдер дәрінің иісінен үркіп су ішпейді, бірақ, бір ақсақ піл бәрінің соңынан жетеді. Сол піл келіп су ішеді, оның ішкенін көріп, қалғандары да судан ішіп, естерінен танып қалады. Сол кезде сен пілдердің басын шауып аласың» дейді. Бала барып анасының айтқандарын орындап, пілдердің сүйектерін дайындап, сарайды да салады. Бірақ, осы талпыныстарына қарамастан, уәзір тағы да оны ұрады. Бұл жолы уәзірдің кеңесімен шаһ Мұхаммедке желаяқ жылқыны алып келуге бұйырады. Жас жігіт тағы да анасының көмегімен желаяқ жылқыны ұстап алып, шаһтың алдына алып келеді. Бұл жолы уәзір Мұхаммедке одан бетер ашуланып, шаһқа Мұхаммедті Қытай жеріне жіберіп, қағанның қызын алдыртуға кеңес береді. Бұл жолы анасы баласына еш нәрсемен көмектесе алмайды. Жас жігіт жолға шығады. Орта жолда бір шопанды кезіктіреді. Мұхаммедтің бастан өткен оқиғаларын естіген соң шопан да оған ілеседі. Бірнеше күн жол жүргеннен кейін екеуі қабағы түйіліп, ұйықтап жатқан алпауыт адамды көреді. Аптап ыстыққа қарамастан, алпауыт ұйықтап жатқан жерде суық ызғар соғып тұр екен. Шопан жақындап барып, алпауытты оятады. Алпауыт адам ұйқысынан оянып, орнынан тұрып, түйілген қабағын ашқан бетте, күн райы жылынып сала береді. Шопан мен Мұхаммед болған жағдайды алпауытқа айтып береді. Алпауыт та оларға ілесіп, екеуін екі иығына салып алып, қас қағым сәтте қалаға алып барады. Үшеуі бір ғимаратқа барып қонақ болады. Үй қожайыны әйел адам екен. Ол әлгі үшеуімен танысқан соң, оларға жолдың қиыншылықтары жайлы ескертіп былай дейді: «Іздеп жүрген қыздарыңыз – менің жиенім. Сендер алдымен қыздың әкесі, яғни, Қытай қағаны сарайының алдындағы үлкен тасқа барып отырыңдар. Шаруамен келген адам сол тастың үстіне барып отырады. Сендерден не қажет екенін сұрауға келгенде, қызға құда түсуге келгендеріңді айтыңдар. Қыздың әкесі бірнеше шарт қояды, соны орындауларың керек. Одан кейін сендерді қызды алып келу үшін алдын-ала сиқырланған ханшайымның сарайына жібереді. Жолда беті бұтақтар мен шөптерге толы бір бұлақты көресіңдер, бұлақтың бетіндегі қоқымдарды сырып тастап, суын ішіп: «Паһ, шіркін! Неткен балдай су!» деп тамсаныңдар. Сосын, жолда бір-бірімен телісіп өсіп кеткен екі тікенді бұтаны көресіңдер. Оларды бір-бірінен ажыратып, әр қайсысына бір-бір қызыл орамал байлап кетіңдер». Мұхаммед пен достары жолға түсіп, қағанның сарайына жетіп, тастың үстіне отырады. Падишаһ оларға үш сынақ береді. Біріншісі – отыз харвар (1 харвар = 300 килограмм) күріш жеу, бұл тапсырманы алпауыт оңай орындап шығады. Екіншісі – қырық легенді көз жасына толтыру. Мұхаммед пен достары қырық легенге су толтырып, ішіне кішкене тұз салып қояды. Шаһ пен уәзір үшеуінің айласына алданып қалады. Үшінші сынақ – Мұхаммедті қайнап тұрған суға шомылдыру. Алпауыт адам қабағын түйіп алады, сол кезде айнала суып кетеді, ал Мұхаммед болса асықпай суға шомылып алады. Үшеуі сынақтардан сүрінбей өткен соң, шаһ пен уәзірі қыз сарайының орналасқан жерін көрсетеді. Мұхаммед пен достары қыздың нағашы апайы айтқан нұсқауларын орындап, табысқа жетеді. Мұхаммедтің достары өз үйлеріне қайтып барады. Мұхаммед Қытай қағанының қызымен бірге еліне қайтып оралады. Ханшайым жолдан шаршағанын айтып, Мұхаммедтің үйінде қырық күн қалуға шаһтан рұқсат сұрайды. Шаһ келіседі. Уәзір: «Мұхаммед барлық жұмысты атқара алады екен, ендеше біздің үйлерімізге барып, жанұяларымыздан хабар алып келсін» деп, тағы да шаһты үгіттеп қояды. Шаһ Мұхаммедке осы істі тапсырады. Мұхаммед жағдайды бастан-аяқ ханшайымға баяндап береді. Ханшайымның кеңесі бойынша, Мұхаммед шаһтан тапсырманы орындауға қырық күн уақыт беруін сұрайды. Мұхаммед бұл уақытта құдық қазатын адамға барып, зираттың қасынан қырық баспалдағы бар құдық қазуды сұрайды. Қырқыншы күні ханшайым шаһ пен уәзірдің жазуына ұқсатып, хат жазып, астына солардың мөрлерін қояды. Падишаһ жазуды көріп қатты таң қалады. Хатта: «Мұхаммедпен бірге жанұяларын көруге барсын» деп жазылған болатын. Шаһ пен уәзір Мұхаммедке ілесіп, зираттың маңайына жетеді. Мұхаммед оларға баспалдақты көрсетіп, төмен нұсқайды. Екеуі түсе бергенде, Мұхаммед оларды теуіп жібереді, екеуі баспалдақтан төменге ұшып түсіп, сол жерде жан тапсырады. Мұхаммед анасы және ханшайым үшеуі сарайға қайтып келіп, Мұхаммед пен ханшайым үйленіп, ел билеуге кіріседі.

Тегтер