Иранның танымал тұлғалары (202)
Өткен бағдарламадағы тақырыпты жалғастырып, х.қ.ж.с.б. 11 ғасырда (17 ғасырда) өмір сүрген атақты ирандық ақын Талеб Амоли және оның өмірі, ойлары мен еңбектерімен таныстырамыз.
Өткен бағдарламада айтып өткеніміздей, Мұхаммед Талеб Амоли х.қ.ж.с.б. шамамен 991 жылы Амольда дүниеге келген. Осы қалада өз заманының ғылымы мен өнерін меңгеріп, жауынгерлік машық пен атқа мінуді үйренген. Талеб Амоли х.қ.ж.с.б. 1010 жылы Амольдан Кашанға көшті. Кашан мен Исфахан қалаларында 4 жыл тұрған. Бұл кезең әдеби және ғылыми мағлұматтар жинау тұрғысынан Талеб өмірінің ең жемісті кезеңі болды. Әдеби сыншылардың сенімінше, Талебтің кейінгі жемістері мен лауазымдық өсуі ақынның осы кезеңде жинаған мәлімметтеріне тікелей байланысты. Талеб осыдан кейін Үндістанға сапар шекті. Сапар барысында біраз уақыт Мерв қаласында осы уәлаяттың билеушісі Бекташ ханның жанында тұрған. Талеб Мервте жайлы өмір сүрді, бірақ жоғарырақ лауазым мен көбірек байлыққа ие болу үшін Үндістанға барғысы келді. Талеб осы елге қоныс аударарда 25 жас шамасында болған.
Талеб х.қ.ж.с.б. 1016 жылы Мервтен Үндістанға аттанды. Шын мәнінде Талеб 1016-1020 жылдар аралығында 4 жыл бойы Үндістанның түрлі қалаларын кезіп, өзіне қолдау берер адам іздеумен болған. Әрбір қалада бірнеше ай тұрып, сол қаланың әдебиетшілері және ақындарымен кездесіп отырған.
Бұл жылдары Талебтің өмірі сәтсіз өтті. Оның өлеңдері мен өнері Үндістан билеушілерінің назарын аулай алмаған болатын. Бір әмір немесе бай адам Талебті шақырғанымен, оның қадір-қасиетіне сай құрмет көрсетпеді.
Тоты қынжылмайды, бірақ не істей алады
Үндістанда сорына орай демеуге тапшы болды
Талебтің Үндістанға қоныс аударғанына төрт жыл болса да, оның үнді сарайына жақындау үшін жасаған талпыныстары нәтиже бермеді. Сол кезде Сенд пен Қандағардың билеушісі мырза Ғазы Тарханның өнер мен әдебиетті сүйіп, демеу беретінін естиді. Талеб Тарханды мақтап қасида жазып, Қандағарға жіберді. Мырза Ғазы дарынды ақын әрі лайықты өнерпаз болатын. Ол музыкалық аспаптарда ойнауда және ән айтуда шеберліктің жоғары деңгейіне жетті деп саналған. Мырза Ғазы сарайы әрдайым шынайы өнер және әдеби тұлғалардың бас қосатын жері болатын. Қандағарға келген ирандық ақындар, жазушылар мен өнерпаздардың бір тобы осы сарайда тұратын. Мырза Ғазы Талебтің өлеңдерін оқып, оның өмірімен танысқаннан кейін онымен сөйлесуге асығып, оған өз атынан шақыру хат жіберді. Осы кезде Аграда тұрып жатқан Талеб Қандағарға келді.
Талеб бір жылға жуық уақыт бойы, яғни х.қ.ж.с.б. 1020 жылдан 1021 жылға дейін, мырза Ғазы қайтыс болған жылға дейін сарайда тұрып, ерекше ықыласқа бөленді. Талеб Қандағарда қысқа уақыт тұрса да, бұл кезең ақынның поэзиялық өміріндегі ең жарқын кезең саналады.
Мырза Ғазы х.қ.ж.с.б. 1021 жылы рабиулаввал айында нөкерінің қолынан уланды немесе тұншықтырылып өлтірілді. Ол өлгеннен кейін Қандағардың әдеби қоғамы тарап кетті. Талеб тағы да Аграға қайтып оралып, осы қаланың ауқатты адамдарынан мінездеме қағаз алып, Пишавар билеушісі Чин Қеличханның сарайына барды. Чин Қеличхан оны жылы қарсы алып, өзіне жақын тартып, сапарға шыққанда оны үнемі жанына алып жүрген. Талеб өмірінің бұл бөлігінің нәтижесі – әдемі өлеңдер.
Талебтің сорына орай Чин Қеличхан да жақындарының қастандығы салдарынан биліктен кетіп, құсадан өлді. Талеб қайта сергелдеңге түсіп, Аграға қайтып оралды. Талеб Агра қаласының әдеби ортасындағы шараларға қатысып, біраз уақыт өткеннен кейін Джахангир сарайындағы Дианатхан деп аталған ирандық ақсүйектің назарына ілікті. Дианатхан Үндістандағы мигрант ирандықтарға демеу болып, олардың Үндістан билеушілеріне таныстырылуына септігін тигізіп отырған. Ол Талебпен танысып, оның сөз саптаудағы шеберлігіне көз жеткізгеннен кейін оған ерекше ықылас білдіріп, оны өзімен бірге сарай басшыларының жиындарына алып жүрді. Қысқа уақыттың ішінде Талебтің өлеңдері жалпы халықтың қызығушылығын тудырды. Талебтің танылғаны соншалықты, Джахангир шах онымен кездескісі келген. Шахтың бұйрығымен Дианатхан Талебті өзімен бірге шахтың сарайына алып барды.
Абдуллахан Фирузджанг – Акбар шах билігінің соңғы кезінде Үндістанға барып, Джахангир мен оның ұлы шах Джахан кезінде батылдығымен көзге түсіп, Гуджарат, Бахар және Аллахабад сияқты маңызды уәлаяттарға билеуші болып тағайындалған ирандықтардың бірі. Ол ирандық мигранттардан әскер құрған. Оның билік орталығы әрдайым Үндістандағы ирандықтар жиналатын, паналайтын жер болған. Талеб Гуджаратта барлық тұрғыдан жақсы өмір сүрді. Бірақ Абдуллаханмен сұхбатқа еш көңілі толмады. Абдуллахан соғысқұмар адам болған. Мәдениет пен әдебиетке Талеб күткендей көңіл аудармады. Сол себепті Талебтің Гуджаратта тұру мерзімі Қандағардан ұзағырақ болса да, бұл кезде жырланған өлеңдер Қандағардағыдан әлдеқайда аз. Талеб Гуджаратта тұрған кезінде ол жерден кетуге асықты. Ақырында Даканды басып алуға әскер шығарған Абдуллаханмен бірге Гуджараттан шықты. Ол Дакан басып алынғаннан кейін Абдуллаханның әскерінен бөлініп шығып, өзінің көңіліне жағатын Лахор қаласына барып, біраз уақыт қаланы аралап, әдебиетшілермен кездесіп болған соң Аграға қайтты. Ол Джахангир сарайының танымал ирандық дәрігерлердің бірі «Масих уз-Заман» деп аталған хакім Садреддиннен оны сарай маңындағылармен байланыстыруды өтінді. Хакім Масих уз-Заман мінездеме жазып, Талебті Этемаддоулеге таныстырды.
Этемаддоуле қожа Ғиаседдин Мұхаммед Теһрани Теһранның көне текті әулеттерінің бірінен қалған жұрнақ еді. Әкесі қожа Мұхаммед Шариф шах Тахмасп Сефевидің кезінде Исфаханда уәзір болған. Этемаддоуле әкесі қайтыс болғаннан кейін қиын жағдайға ұшырап, Иранда қала алмай, жақсырақ өмірге үмітпен Үндістанға аттанды. Этемаддоуле Үндістанда Акбар шахтың сарайына барып, оның өзі және ұлы Джахангирге қызмет етіп, дәрежесі мен мансабы тез өсіп, х.қ.ж.с.б. 1014 жылы Джахангирден «Этемаддоуле» деген лақап ат алды. 1020 жылы оның қызы «Нұр Жаһан Бегім» деп аталған Мехрунниса Джахангирге тұрмысқа шықты. Этемаддоуле Үндістан билеушісінің кеңесшісі болып тағайындалып, Джахангирдің мемлекет ісі жөніндегі уәкілі болды. Этемаддоуле поэзияға қызықпаған, бірақ талғамы мол жазушы және сөз шешені болған, «шекасте» тәсілімен каллаграфиялық жазуды жақсы меңгерген және әңгімешіл болғаны сондай, Джахангир шах басқа ойын-сауықты қойып, оның сөзін тыңдауды жөн көрген. Этемаддоуле шын мәнінде ұлан байтақ Үндістан империясын басқарған адам болды. Ол Иран мен ирандықтардың мақтанышына айналған пейілі таза адамдардың бірі еді. Осындай адамдардың болуы Үндістан түбегінде ирандық мәдениет пен әдебиеттің таралуына себеп болды. Ирандық мәдениеттің ықпалы Үндістан мен Пәкістанда әлі күнге дейін байқалады.
Осы тақырыпты келесі бағдарламада одан ары жалғастырамыз.