Қаң 18, 2022 22:53 Asia/Almaty
  • Иранның туристік тартымдылықтары (16)

Бүгінгі бағдарламада Чаһармаһал мен Бахтияри облысына сапарды жалғастырып, Куһранг ауданындағы Челгерд қаласына барамыз. Иранның осы әдемі аймағына саяхатта бізбен бірге болыңыздар!

Чаһармаһал мен Бахтияри облысына сапарды жалғасыра келіп, көшпелі бахтияр халқымен танысып, Загростың рух сыйлайтын көріністерін көріп қайтайық. Көшпелі бахтияр халқымен кездесу үшін Куһранг ауданының орталығы Челгерд қаласына барғанымыз дұрыс. Онда Ирандағы ең ірі көшпелі тайпа "Һәфт Ләнг Бахтияри" өмір сүреді. Жыл сайын Иранның түкпір-түкпірінен, тіпті әлемнің түрлі елдерінен көптеген турист осы ауданның тұмса табиғаты мен теңдессіз туристік тартымдылықтарын көруге келеді. Қар жамылған Загрос таулары, сарқырап аққан өзендер, көптеген сарқырамалар, емен орманының болуы бұл ауданды туристер үшін жұмаққа айналдырды. Аудандағы маңызды бұлақтардың бірі – Куһранг бұлағы. Ол Зәрдкуһ тауынан бастау алып, ирелең жолмен жүріп өтіп, Куһранг бөгеніне құяды. Сосын Куһрангтың бірінші туннелінен өтіп, Заяндеруд өзеніне барып құяды. Бұлақтың айналасындағы табиғаттың сұлулығы және онда көшпелі тайпаның өмір сүруі ауданның тартымдылығын одан ары арттырып жіберді.

Зәрдкуһ

 

Бахтияри тайпасы қысты Хузистанның шығыс алқаптарында, жазды Чаһармаһал мен Бахтияри облысының батыс бөлігінде өткізеді.

Олар жыл сайын ордибехешт айының аяғынан бастап 5 түрлі жолмен табиғаттың қиындығына талмай төтеп бере жүріп, өзендер, сайлар мен Зәрдкуһ тауларын басып өтіп, Заргос тауының етегінде белгілі бір аудандарға жайыла орналасып, 4 ай бойы шалғынды жерлерде мал жаюмен айналысады. Бұл тайпаның өмір сүру тәсілі, үй тұрғызу үлгісі, наным-сенімдері, әдет-ғұрыптары көруге тұрарлық тартымдылықтардың бірі саналады. 

Қара күрке

 

Бахтияри тайпасының түрлі түсті ұлттық киім киген әйелдері және ерлерімен кездесу, олардың түрлі жасқа арналған әдет-ғұрыптарымен танысу, қара күркелерінде тұру, олардың дастарханынан дәм тату және жергілікті сүт өнімдері мен наннан ауыз тию осы аймаққа сапарды мәңгі есте сақтарлықтай әсер қалдырады.   

Куһранг ауданы барлық мезгілде айрықша тартымды, сондықтан әр кездің арнайы туристері бар.  Жыл сайын көктемде төңкерілген қызғалдақтар алқабы қызығушыларды көптеп қабылдайды. Бұл алқап Челгерд қаласынан 12 км жерде Банустаки ауылында орналасқан. 1400 гектар жерде өте әдемі өсімдік жамылғысы, соның ішінде екі түрлі қызыл және сары төңкерілген қызғалдақтар өседі. Бұл алқап Куһранг ауданының басқа туристік тартымдылықтарына жақын орналасқан.  

Төңкерілген қызғалдақтар алқабы

Алқаптың жанындағы Дейме ауылының маңында ағып жатқан Дейме бұлағы – Заяндеруд өзеніне құятын басты арналардың бірі. Жүргізілген зерттеулер бойынша бұл бұлақтың суы минералдар мен тұздарға өте бай. Әлемдегі ең тұщы су саналады. Судың емдік қасиеттері – тісті шіруден сақтау және бүйректегі тасты шығару. Бұл бұлақтың суы Куһранг минералды су зауытына жіберіледі. Зауыттың өнімдері ел ішінде де, экспортқа да шығарылады. Дейме бұлағы суының жоғары сапасы және оның айналасындағы көзтартарлық понорама Куһранг ауданының ең әдемі туристік жерлерінің қатарына жатады.

Дейме бұлағы

Челгерд шаңғы тебу алаңы – Загростағы ең танымал спорт алаңдарының бірі. Челгерд қаласындағы бұл шаңғы тебу алаңы Куһранг бірінші туннеліне жақын жерде Карконан тауының шығыс бөлігінде орналасқан. Алаңның ұзындығы –шамамен 800 метр. Көлбеу бұрышы 20 пайызды құрайды.  Алаң жанұя, ерлер мен әйелдер деп үшке бөлінеді. Қардың қалыңдығы, жету жолының тиімділігі, Куһранг туристік аймағына жақын орналасуы, қыс кезінде ашық та тыныш ауа райының көп болуы оның спортшылар мен туристердің таңдауына айналуына себеп болып отыр. Осы алаңнан Куһранг әдемі туннелін көруге болады. Куһранг туннелінің сарқырамасы көруге тұрарлықтай әдемі.

Куһранг туннелінің сарқырамасы

 

Челгерд қаласынан 25 км жерде Шейх Әлихан ауылының жанында "Яхи Чама" деп аталатын ең сирек және ең ғажайып үңгірлердің бірі орналасқан. Оның іші мұз сүңгілерге толы. Үңгірдің ішіндегі мұздың астынан суық су сылдырлап ағып жатыр. Ол ақырында Куһранг бөгеніне құяды. Терең сайда бірнеше жылдық қардың жиналуы мұз сүңгілердің жылдың кез келген мезгілінде тұрақты сақталуына себеп болып отыр. "Яхи Чама" үңгіріндегі қалың қар көшпелі тайпаның жастары мен жасөспірімдерінің сауық-сайран құратын жеріне айналған. Мұнымен қоса, соңғы жылдарда елде жазғы шаңғы тебу жарысы да осы жерде өтеді. "Яхи Чама" үңгірі  Иранның ең ірі тұщы су көзі ретінде танымал.

"Яхи Чама" үңгірі

 

Ардақты ағайын, бүгінгі бағдарлама көңілдеріңізден шықты деп үміттенеміз. Келесі бағдарламаға дейін баршаңызды бір Аллаға тапсырамыз.