Ирандық танымал тұлғалар – əлемдік мақтаныштар (74)
Бүгінгі бағдарламада х.қ.ж.с.б. 6 ғасырда (12 ғасырда) өмір сүрген Иранның атақты философы, хакімі әрі мистигі «шейх ул-Ешрақ» деген лақап атпен танымал шейх Шахабеддин Абулфутух Яхия бен Хабаш Сухраварди жайлы сөз қозғап, өткен бағдарламадағы тақырыпты жалғастырып, Иранның осы ұлы философы мен мистигінің өмірі, еңбектері мен қызметтерін талдаймыз.
Сухраварди ислам философиясы, хикметі мен мистикасының дамуына айрықша үлес қосқан және ислам философиясының ең маңызды мектептерінің бірі «ешрақ» (Платонның философиялық ілімін жақтаушы) философиясының негізін қалаған.
Айтып өткеніміздей, ислам философиясының дәстүрінде «ешрақ» (Платонның философиялық ілімін жақтаушы) мектебінің негізін қалаған философ әрі мистик Шахабеддин Сухраварди х.қ.ж.с.б. 549 жылы Зәнджанға жақын жердегі Сухравард ауылында дүниеге келген. Сондай-ақ оның қысқа ғұмырының барлығы Марағе, Исфахан, Анатолия мен Алеппода ұлы ұстаздардан ғылым-білім үйренумен өткенін айттық. «Хикмет ул-ешрақ» атты маңызды еңбегінің арқасында, сондай-ақ, Алепподағы діни заңгерлермен пікірталастардан кейін танымал болған Сухраварди Селжұқтар сарайының назарына алынады. Сарай маңындағылардың қызғанышы мен дұшпандығы салдарынан Сухравардиге «діннен безген» деген үкім шығарылады.
Салахеддин Ейюби өзінің ұлы Малек Захерге Сухраварди өлтіруге бұйрық береді. Алайда Малек Захер әкесі шығарған үкімді орындаудан бас тартады. Алеппоның ғалымдары атеист деп тану үкімі орындалмағанын көргенде Салахеддинге тағы да хат жазып: «Егер Малек Захер Шахабеддинді өзінің жанында ұстап тұратын болса, аз уақыттың ішінде оның ойы бұзылады. Егер шығарып жіберсе, қай жерге барса да, халықты бұзып, адастыратын болады»,-деген. Салахеддин екінші рет ақылды қазы арқылы ұлына хат жіберіп: «Егер Сухравардиді өлтіруге немқұрайлы қарайтын болсаң, Алеппо сенің басқаруыңнан қайтарылсын деп бұйырамын»,-деп ескерту жасайды. Сухраварди х.қ.ж.с.б. 587 жылы өлтірілді. Аятолла Мұттахаридің сенімінше, «Сухраварди діни заңгерлер және теологтармен пікірталаста ғана өжет болмаған, Абу Әлидің «Ишараттың» соңында берген кеңестеріне қарамастан, жас болған соң хикметтің сырларын айтудан да жасқанбаған. Бұл оған қарсы дұшпандық пен қастандықтың жасалуына себеп болды».
Сухравардидің ең жақын шәкірті Шахрзуридің айтуынша, Шахабеддиннің өлімі туралы әртүрлі рауаяттар бар. Кейбіреулердің пайымдауынша, оны түрмеде ұзақ уақыт бойы су мен тамақ бермей өлтірген. Басқа біреулердің сенімінше, оның өзі жантәсілім етіп, өзінің бастауына (Аллаға) қосылу үшін ас-су ішуден бас тартқан. Басқа біреулердің айтуынша, оны тұншықтырып өлтірген. Тағы біреулер оны қылышпен өлтірді деседі. Келесі бір топтың пайымдауынша, оны қамалдың үстінен жерге құлатып, өртеп жіберген. Малек Захер оны өлтіргеннен кейін өкініп, оны өлтіруге пәтуа шығарған барлық адамдарды жер аударуға, мал-мүліктері мен жиған-тергендерін тәркілеуге бұйрық берген деседі.
Зерттеушілердің пікірінше, Сухравардидің өлімі оның өміріндей құпияға толы. Бірнеше кітаптан басқа одан оның өмірі жайлы сыр шерте алатын ештеңе қалмады. Шейх Ешрақтың ықылас пен практикаға негізделген хикметін жақтаушылардың бірі Шахрзури Сухравардидің практикалық хикметі, ақиқатты іздеу жолы мен өмір сүру тәсілі жайында былай деп жазған: «Сырттай алғанда дәруіштер сияқты өмір сүрген, өзінің нәпсісін бақылауда ұстап тұру үшін тақуалыққа берілген. Қарапайым халықтың мұндай тақуалық сақтауға шамасы келмейді. Аптасына бір рет тамақ ішкен, оның өзі өте аз болатын. Оның ғибадатының көбісі аштық, ояу болу және илаһи әлемдер жайлы ойлау болған. «Сама» биі мен музыканы қатты жақсы көрді. Онда керемет қасиеттер бар еді».
Бағзы замандардан бері егер бір адам жаңа сөз айтып, жаңа зерттеу әкелсе, оны қудалайтын немесе оқшаулайтын әдет болған. Мұны Иранның көптеген ғалымдары, хакімдері, философтары мен ағартушыларының өмірбаянынан көруге болады. Ибн Синаны біреулер дінбұзар, басқа бір топ кәпір, басқалар күпір деп атаған. Кейбір зерттеушілер Сухравардидің өлтірілуі мен оның себептерін анықтауға күш салды. Кейбіреулер Сухравардиді ұлтшылдықты қорғаушылардың бірі санап, оны Шаубиенің қатарына қойған, ақырында осы ұстанымды оның өлтірілуіне себеп болды деп санаған. Бұл көзқарас көптеген ойшылдар тарапынан сыналып, қарсылыққа ұшырады. Бұл қөзқарас хакімнің еңбектері және ойларымен дұрыс таныс болмау және қате түсінудің салдарынан туындаған деп есептелінеді.
Тағы бір топтың ойынша, Сухраварди «философ сұлтанды» шынайы билеуші деп санайтын саяси ойдың жақтаушысы болған. Бұл ой Бағдад халифі мен Салахеддин Ейюби үшін құрметсіздік болуы әбден мүмкін. Шейх Ешрақ өзінің «Хикмет ул-ешрақ» еңбегінің кіріспесінде осы ойды жақтайды. Бұл ой Салахеддин Ейюбидің ұлы Малек Захердің сарайындағы діни заңгерлерді алаңдатқан, сондықтан олар Сухравардиді өлтіруге бел байлаған.
Шейх Ешрақтың өміріндегі маңызды жайт оның исмаилиттердің белсенділігі мен үгіт-насихаты жүргізілген ең сезімтал кезеңмен тұспа-тұс өмір сүргендігінде. Бұл кезеңде билік басында исмаилиттердің ең атақты әрі ең даулы екі билеушісі болған. Олардың бірі – Хасан II. Ол қиямет күнінің келгенін, ислам шариғатының сыртқы үкімдерінің жойылғанын жариялаған. Исмаилиттердің екінші билеушісі – Нұреддин Мұхаммад II. Ол өзінің «Фосул уа усул» (Тараулар мен принциптер) атты еңбегінде исмаилиттердің ойын философия негізінде түсіндірген. Зерттеушілердің болжамынша, шынайы хикметті іздеген Сухраварди сияқты ұшқыр ойлы жігіт Марағеден Қазвин, Рей, Исфахан, Мардин мен Алеппоға сапары барысында исмаилит насихатшылармен кездесіп, танысуы мүмкін. Ол заманда бұл қалалар исмаилиттер белсенділігінің басты орталықтары болған.
Сухраварди өзінің қысқа өмірінде 50-ге тарта еңбек жазған. Бірақ әлі күнге дейін оның кейбір еңбектері жарық көрген жоқ. Сухравардидің еңбектері жайлы ең негізгі зерттеулерді Беркелман, профессор Люи Масиниун, Генри Корбон, сейіт Хосейн Наср жасаған. Сухравардидің еңбектерін түсіндіру үшін жазылған ең маңызды тәпсірлердің екеуі де «Хекмат ул-Ешраққа» арналған. Біріншісін оның шәкірті Шамседдин Шахрзури, ал екіншісін Садреддин Ширазидің ескертпе, түсіндірмелерімен Құтбеддин Ширази жазған.
Әдебиетшілер мен жазушылар Сухравардидің жазу стилін үнемі мадақтаған. Оның парсы прозасындағы ерекшеліктерінің бірі тың тіркестер тудыруында. Оның араб тілі де кәміл болған, аяттар және хадистермен әрленген. Шейх Ешрақтың парсы тіліндегі еңбектерінің текстологиясын жасап, басып шығарған доктор сейіт Хосейн Насрдың сенімінше, Сухравардидің еңбектері – парсы прозасының бірегей туындыларының арасында Иран әдебиеті тарихының барлық кезеңдеріндегі философиялық прозаның ең үздік үлгісі. Доктор Насрдың сенімінше: «Парсы прозасының мың жылдық тарихында ешкім Сухраварди сынды философиялық тақырыптарды осыншалықты нәзік те төгілмелі тілмен баяндамаған».
Сухравардидің парсы тіліндегі трактаттарының тақырыптары әрқилы. Мысалы, «Партунама», «Хайа кол ән-нур» мен «Әлвах Эмади» атты кітаптар теориялық хикметтің бір курсын құрайды. Олар жаратылыстану ғылымына негізделіп, көбінесе Абу Әли Синаның перипатетикалық хикметін жақтап жазылған. Бірақ Сухраварди нәпсі мен теологиялық тақырыптарды тек Платонның философиялық іліміне негіздеп талқылаған. Теориялық тақырыптар арасында мысалдар мен құпия әңгімелер келтіріп отырған. Әңгіме келтіру арқылы оның алдында айтылған теориялық тақырыпты аша түсіп, түсініктірек еткен.
Сухравардиден қысқа мистикалық әңгімелер де қалған. Бұл әңгімелерде ол хикмет пен танымның барлық тарауларын үйретуді мақсат тұтпайды, керісінше оқырманды әңгімедегі белгілі бір жағдайға көңіл аудартуға тырысады, осылайша оны ешрақи принциптері бойынша өмір сүретін адамның өмірінің шындығына жақындата түседі.