Ақп 08, 2023 21:35 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (210)

Өткен бағдарламадағы тақырыпты жалғастырып, х.қ.ж.с.б. 9 ғасырда (15 ғасырда) өмір сүрген танымал ирандық ақын, сопы, жазушы әрі ойшыл Нұреддин Әбдірахман Жәми жайлы сөз қозғаймыз. Бізбен бірге болыңыздар.

Алланың атымен бастаймыз! «Ирандық танымал тұлғалар – әлемдік мақтаныштар» атты бағдарламаның келесі бөлімінде х.қ.ж.с.б. 9 ғасырда (15 ғасырда) өмір сүрген Иранның тағы бір танымал тұлғасы,  ақын, сопы, жазушы әрі ойшыл Нұреддин Әбдірахман Жәмимен таныстыруды жалғастырып, оның өмірі, шығармашылығы мен ойлары жайлы сөз қозғаймыз.

Нұреддин Әбдірахман Жәми

 

Айтып өткеніміздей, Нұреддин Әбдірахман Жәми – х.қ.ж.с.б. 9 ғасырда (15 ғасырда) өмір сүрген танымал ирандық ақын, сопы, жазушы әрі ойшыл. Ол х.қ.ж.с.б. 817 жылы (1414 жылы) Хорасан облысында орналасқан Жәм уәлаятында дүниеге келген. Жәмидің ата-бабасы Исфаханда өмір сүрген. Жәмидің әкесі Әбдірахман дүниеге келерден бірнеше жыл бұрын жанұясымен бірге Гератқа қоныс аударған. Жәми бастапқы білімін сол кезде Гераттың айналасындағы ауылдардың бірі болған Харгорд-е Жәм елдімекенінде алып, әкесінің алдында парсы әдебиеті, араб тілінің грамматикасын үйренді. Ол сол замандағы ең маңызды ғылыми-әдеби орталықтарыдың бірі болған Герат және Самарқан назмиелерінде (мектептерінде) білімін толықтырып, араб тілі, шешендік өнер (риторика), қисын мен хикмет, математика мен шариғат ілімін меңгеріп, өз заманының білгіріне айналды. Содан соң сопылыққа ден қойып, Нақшбандия тариқатына қосылды. Жәми ғылым мен білімінің тереңдігіне және сопылық мінез-құлқына байланысты сол замандағы сұлтандардың алдында ерекше орынға ие болған және қартайғанға дейін қол жеткізген ғылыми, әдеби және рухани дәрежесіне байланысты сол заманда парсы тілінде сөйлейтін барлық мемлекеттерде, яғни Осман империясынан Орта Азия мен Үнді түбегіне дейін әйгілі болып, айрықша құрметке ие болған.

 

Жәми х.қ.ж.с.б. 898 жылы 18 мохаррамда, сәйкесінше 1492 жылы 81 жасында дүниеден озып, Үлкен Хорасан қалаларының бірі саналатын Гератта ұстазы Саадеддин Қашқаридың мазары жанында жерленді. Жәмидің қабірі қазір "Тахт-е мазар" деген атпен танымал. 

Тахт-е мазар – Гераттағы Жәмидің кесенесі. 

 

Жәмидің ғасыры саяси-әлеуметтік тұрғыдан жарқын әрі гүлденген ғасыр болып саналмайды. Қоғамда саяси-әлеуметтік әлсіздік пен бейберекеттік айқын байқалды. Түрлі діни, сопылық және мазхабтық ағымдар елдің саяси-әлеуметтік және мәдени ағымдарына бағыт-бағдар беріп отырды. Сол себепті оның заманы терең қайшылықтар мен текетірестерге, үстірт қарау мен жағымсуға, ауытқу мен адасуға, ырымшылдыққа толы болды. Жәми өз өлеңдерінде сол замандағы құлдырау мен ауытқуға себеп болған маңызды факторларға тоқталған. Жәмидің заманында дінбасылар тек өз аттарын шығарып, танымал болуды және шәкірт тәрбиелеуді көздеген. Олар өз шәкірттері мен халықты діннің сыртқы қабығымен алдандырған. Жәми осы жұқпалы аурудың емін танымалдықтан алшақ болу және көшбасшы, ұстаз әрі жетекші болуға құмарлықпен күресу деп білген. Сол себепті Жәми сопылық саласындағы беделі мен орнына қарамастан, ешқашан мүршид – ұстаз болуға  талпынбаған, шәкірт тәрбиелемеген. Жәми бұл істен басын аулақ салып: "Шейх болу жүгін көтере алмаймын",-деген. Сөйтіп өз жолдастарымен қарапайым өмір сүрген. Сөйлесу және жиын өткізу арқылы ақиқатты талап етушілерге жақсырақ бағыт беруге болады деп санаған. Сондықтан ешқашан шәкірт тәрбиелемеді. Ұстазы Саадеддин Қашқариден ұстаздық етуге рұқсат алса да, тариқат жолындағыларға жетекшілік етуден бас тартты.

 

Дертке шалдыққан қоғамда бірде бір таза бұрыш қалмағандықтан, Жәмидің заманында сопылық та бірнеше дүниеқоңыздың монополиясына түсіп қалған болатын. Жәмидің айтуынша, бұл кезеңде сопылықтың бұрмаланғаны сондай, арам мал жеу, алдап-арбау және танымалдыққа ұмтылу сол замандағы сопылықтың сенім принциптерінің бірі болып саналды. Өткен ғасырларда сопылар арасында тыйым салынған нәрселер Жәми заманында сопылық әдет-ғұрып ретінде кең таралды. Х.қ.ж.с.б. 5-6 ғасырларда сопылықта басталған хақ жолынан адасу, бұрыс әрекет жасау және сопы-сымақтық Жәмидің заманында шарықтау шегіне жетті. Жәми кезіндегі сопы жақсылықты/рұқсат етілгенді теріске шығарып, жамандықты/тыйым салынғанды жақтады. Оның таухидке сенімі шын мәнінде алаяқтық әрі арам істерін жасырудың амалы болды.

Жәми заманында саяси-әлеуметтік ауытқулардың тағы бір факторы билеушілердің нәпсіқұмарлығы болды. Саяси билік – кез келген замандағы қоғамның жағдайын анықтайтын фактор. Саяси билік саяси қатынас түрінен пайда болмас бұрын шын мәнінде халықтың ойлау деңгейі мен мәдениетіне, қоғамдағы әртүрлі әлеуметтік топ өкілдерінің ойлау мәнері мен өмір сүру тәсілінен туындайды. Демек оны сақтап тұратын басты факторлар – әскери немесе материалдық қуат емес, идеологиялық, мәдени және наным-сенімдік тіректер. Міне осылар Жәмидің заманындағы жағдайды қалыптастырған басты факторлар болды.

Бұл заманда саяси билік дін мен сопылықты өз қолына алған болатын және халықтың наразылық білдіріп, бұлқыну қатерінен сақтану үшін осы екі ошаққа сүйенген, осы екі тармақ басшыларының көмегіне сүйеніп, биліктің саяси ережелерін кепілдендіріп отырған. Елді осылай басқару тәсілінде шын мәнінде билеушілер мен дінбасылар сөз байласқан. Бұл мәміле арқылы бір жағынан саяси билеушілердің үстемдігі қамтамасыз етілген, екінші жағынан дінбасылардың жағдайы жасалған. Жәми саяси сауатты болғандықтан, осындай келісімнің жасалғанын айтып, билеушілердің құпияларын әшекере еткен.

Жәми өз заманын  сынап, сопылықтың жабық әрі әрекетсіз дүниесінен шықты, еркін әрі сергек сопылар тобына қосылып, шындық жолы, саясат әлемі мен қоғамдық өмірге аяқ басып, сопылықтық белсенді де жағымды үлгісін ұсынды. Жәми өзінің көптеген өлеңдерінде дүниеқұмарлықтың зардабы жайлы жазған. Ол шешім жолын іздеп, арман қуған адамдар тобына қосылғандықтан Абулхасан Харақани, Санаи және Шамс Табризи сияқты өзгеше тұлғалардың қатарынан орын алды.  

Жәми өз заманының азғындық ошақтарына тоқталу арқылы өз өлеңдерін қобалжулар, текетірестер, дерттер мен тілектер көрініс тапқан туындыларға айналдырды. Оның өлеңдері – бір ғасырдағы ауыр жағдайды баяндаған беделді рауаят және дертті танитын ақынның  толғаныстары.

 

Шах өз деміне ие бола алмағандықтан,

Немесе оған дос әрі қызмеші болар хакім болмағандықтан,

Сарайының негізі әлсіз болып,

Үкімінің күші азаяды.

Әділдіктің орнына зұлымдық жасайды,

Әділдікті зұлымдықтан да ұят санайды.

 

Осымен бағдарламамыз аяқталды. Баршаңызды бір Аллаға тапсырамыз.

Тегтер