Иран ертегілері мен аңыздары (114)
Әлем әдебиеті мен парсы халық ауыз әдебиетіндегі «Мың бір түн» кітабының маңыздылығы мен жоғары орнына және ондағы ертегілердің негізгі сюжеттерінің әралуандығына байланысты бірнеше бағдарлама барысында осы кітапты талдайтын боламыз. Содан соң сіздермен бірге Иранның аңыз-әңгімелері әлеміне саяхат жасап, «Мың бір түн» кітабынан сіздер үшін таңдалынып алынған «Абуқир мен Абусабр» атты ертегіні тыңдаймыз.
Әдеби туындылардың классификациясы тұрғысынан «Мың бір түн» халық ауыз әдебиетіне жатады. «Мың бір түннің» қазірдің өзінде өнер иелері мен зерттеушілерге таусылмас қайнар көз екенін, әрдайым ғылым мен әдебиеттің ұлы тұлғаларының назарында болғанын ескере отырып, оны халық ауыз әдебиетіне жатқызу орынды болмас. Бұл кітаптың халық ауыз әдебиетіне жатқызылуының себебі мынада: тарих бойында бұл кітаптың ертегілерін сүйіп оқитындар көбінесе қарапайым халық болған. Олар ертегінің түп-тамыры, шығу тегіне көңіл аудармайтын. Олар осы ертегілердің тәтті қиял әлеміне аттанып, олардың әртүрлі кейіпкерлерімен бірге әралуан жерлерге сапар шеккен.
«Алф ләйлә уа ләйлә» немесе «Мың бір түн» ең әйгілі араб ертегілерінің топтамасы ретінде танылған. Арабтар Шығыстың басқа халықтары сияқты бағзы замандардан бері өткендердің қиялға толы әңгілемелерін тыңдауға, білуге әуес болған. Алайда олардың ой-қиялы аса ұшқыр болмағандықтан, осындай ертегілерді тудыруға қажетті материалды басқа елдерден, әсіресе Иран мен Үндістаннан алған. 7-8 ғасырлардағы ирандықтар, арабтар мен Шығыстың алыс жерлеріндегі басқа халықтардың қарым-қатынас нәтижелерінің бірі сол жерлердің көптеген аңыз-әңгімелерінің араб елдеріне жол тартуы болды. Соның ішінде «Мың бір түн» ертегілер жинағы ең үлкен әрі ең бай ертегілер жинағы саналады. Бұл кітаптың қай елден бастау алғаны көптеген зерттеушілер тарапынан талқыға салынып, зерттелді. Зерттеулер нәтижесі бойынша, «Мың бір түн» кітабының алғашқы негізі Иранның «Хезар афсане» кітабы болды деп сеніммен айтуға болады. Оның хикаяттарының көбі үнді дереккөздерінен алынып, х.қ.ж.с.б. 3 ғасырда пехлеви тілінен араб тіліне аударылған.
«Мың бір түн» мен одан ертерек туындағандығы анық ирандық және үнділік кітаптар арасындағы ұқсастықтар осы ертегілердің пайда болған уақыты мен шегін анықтай алады. Кейде Иран мен Үндістанның көне кітаптарынан «Мың бір түннің» бір ертегісіне түгел ұқсайтын бөлікті табуға болады. Сондай-ақ, бұл ертегілерден ежелгі Иранға тиесілі көне атауларды, тағылымдарды, наным-сенімдер мен рәсімдерді көптеп кездестіруге болады.
«Мың бір түн» кітабының алғашқы бірнеше ертегісі бір-біріне қатты ұқсайды. Олардың барлығы бастапқы нұсқада «Мың бір түннің» қазіргі нұсқаларындағыдай бір-біріне жақын орналасқан деп ойлау қиын. Доктор Мұхаммад Джавад Махджубтың пайымдауынша, «бұл ертегілердің барлығы бір негізден, яғни Иранның «Хезар афсане» кітабынан бастау алса да, кейінгі ғасырларда көптеген өзгерістерге ұшыраған».
Енді Иранның аңыз-әңгімелер әлеміне саяхат жасап, «Мың бір түн» атты құнды еңбектен сіздер үшін таңдалынып алынған «Абуқир мен Абусабр» атты ертегіні тыңдауға шақырамыз.
Александрия қаласында бояушы мен шаштараздың дүкендері қатар тұрыпты. Бояушының аты – Абуқир, ал шаштараздың аты Абусабр болса керек. Абуқир өтірікші, суайт адам болыпты. Ол бояудың жолын жақсы білгенімен жұмысын алдап-арбап, істейді екен. Егер бір адам оған бояуға мата әкелсе, алдымен одан ақысын алып алып, артынан оған: «Ал енді бара бер, ертең келіп боялған матаңды алып кет»,-дейді екен. Мата иесі үйіне қайтып, ертеңінде дүкенге қайта келеді. Абуқир оған: «Кеше қонақ келіп қалып, сенің матаңды бояй алмадым. Ертең кел»,-дейді. Мата иесі кетіп, ертеңінде қайта келеді. Бірақ матадан тағы да хабар болмайды. Абуқир оған келесі бір өтірікті айтып, қоя береді. Ақырында матаның иесі келіп-кеткеннен шаршап: «Ей, бояушы, матамды боямай-ақ бер, алып кетейін»,-дейді. Сонда Абуқир: «Ей, бауырым, шындықты айтуға ұяламын. Матаңды сол бірінші күні-ақ бояп қойғанмын, бірақ ұрлықшы келіп, оны ұрлап кетті»,-дейді. Маталардың иелері кейде ештеңе айтпайтын, кейде дау-жанжал шығаратын. Қысқасы, бояушының дүкенінен үнемі айқай-шу естіліп жатады екен. Біртіндеп Абуқир қала халқы арасында жаман атқа ие болады. Ешкім оның дүкеніне барып, матасын бояуға бермейтін болыпты. Ол күндіз шаштараз Абусабрдың дүкеніне барып, сол жерден өз дүкеніне қарап отыратын болыпты. Бір күні сол қалаға бір бөгде адам келеді. Ол матасын Абуқирдің дүкеніне апарып, бояуға тапсырады. Абуқир әдеттегідей алдымен өзінің еңбек ақысын алып, содан оған: «Ертең келіп, боялған матаңды алып кет»,-дейді. Әлгі бөгде адам ертеңінде бояушының дүкеніне келеді. Содан бірнеше күн бойы дүкенге келіп, кетіп жүреді. Бірақ бір рет те бояушыны жолықтыра алмайды. Абуқир әлгі адамның дүкенге жақындап қалғанын көргенде Абусабрдың дүкеніне жүгіріп барып, сонда жасырынады екен. Бірнеше күн өткеннен кейін матаның иесі Абуқирдің оны алдағанын, матасын қайтарғысы келмейтінін түсінеді. Содан қаланың қазысына барып, Абуқирдің үстінен шағымданады. Қазы өз қызметкерлерінің бірін әлгі адамға қосып, бояушыға жібереді. Матаның иесі қызметкермен бірге Абуқирдің дүкеніне барады. Дүкенді аралап, өзінің матасының орнына алатын зат іздейді. Бірақ ештеңе таппайды. Сот өкілі дүкеннің есігін жауып, мөрлеп тастайды. Оның кілтін алып, көршілерге: «Бояушыға айтыңдар, егер кілтін алғысы келсе, мына кісінің матасын қайтаруы керек»,-дейді. Абусабрдың дүкенінде отырып, бәрін көрген Абуқир: «Дүкенімнің есігін мөрлеп тастады, енді қайттім?»,-дейді. Абусабр: «Жұрттың матасын алып, қайтармайтын кінә өзіңнен»,-дейді. Абуқир: «Қайтейін, мата бояу базары тоқырауға ұшыраған»,-дейді. Абусабр: «Менің ісім де қарқындап тұрған жоқ»,-дейді. Абуқир: «Кел, екеуміз бірге мына қаладан кетіп, басқа қалаларға барып, өзіміздің бағымызды сынап көрейік»,-дейді. Екеуі сапарға шығады. Қанша қаражат тапса да, бірге жұмсайтын болып келіседі. Ал артылып қалса, оны дорбаға жинап, өз қалаларына қайтып оралғанда бөлісіп, қалған өмірлерін бейқам өткізетін болып шешеді. Олар жол жүріп, бір теңіздің жағасына жетеді. Басқа 120 адаммен бірге кемеге отырады. Тағдырдың жазуымен әлгі кемеде Абусабрдан басқа шаштараз болмапты. Абусабр Абуқирға: «Ей, бауырым, біз мына кемеде біраз боламыз. Осы аралықта су мен тамақ тауып жеуіміз керек. Мен кемедегі жолаушыларды аралап, шашын қиғысын келетін адам іздейін. Егер табылса, шашын алып, ақысына ақша, нан немесе бір ыдыс су аламын. Сөйтіп, күнімізді көрейік»,-дейді. Абуқир: «Ойың жақсы, онда бар да, жұмысыңды баста»,-дейді деп, басын жерге қойып ұйқыға кетеді. Абусабр жолаушылардың арасынан шашын алдыратын адам іздеп шығады. Бір жолаушы оны шақырып, шашын алып беруді өтінеді. Ақысына бір тиын береді. Абусабр: «Мына тиынның орнына маған бір бөлке нан берсең, көбірек пайдама жарар еді»,-дейді. Әлгі адам тиынын қайтарып алып, Абусабрға бір бөлке нан мен бір тілім сыр беріп, оның кесесін тұщы суға толтырып жібереді. Абусабр қуанып Абуқирға барса, ол әлі ұйықтап жатыр екен. Оятып алып: «Тұр, достым. Саған нан, сыр мен тұщы су әкелдім»,-дейді. Абуқир ішіп-жеп алып, қайта ұйқыға кетеді. Абусабр тағы да шаш алдыратын адам іздей бастайды. Тез арада екі адам табылады. Ол екеуінің де шашын алып береді. Біреуінен нан, екіншісінен сыр алады. Біртіндеп жұмысы оңала бастайды. Кеменің жолаушылары бірінен соң бірі оны шақырып, шаштарын алдыртатын болыпты. Жолаушылардың арасында «Қыптан» есімді бір мысырлық болады. Ол кеме бара жатқан қаланың патшасының қызметкері екен. Қыптан да Абусабрды шақырып, шашын алуды өтінеді. Абусабр іске кірісіп, жұмыс барысында өзі мен досының оқиғасын баяндап береді. Мейірімді де жомарт адам болған Қыптан: «Ей, бауырым, мына кемеде болған кезде нан мен суға қайғырма. Күнде кешке досыңмен бірге кел де, біздің дастарханымыздан дәм тат»,-дейді.