Ақп 25, 2021 02:22 Asia/Almaty

(Имам Әлидің туған күніне орай) Режеп айының 13 жұлдызы, сәйкесінше 2021 жыл 25 ақпан – Алла елшісінен кейінгі Ислам дініндегі ең ірі тұлға Әли бен Әбутәліптің (ғ.) туған күні. Алла елшісінің ең қымбат серігінің туған күні құтты болсын!

Мұхаммед Әмин өз ағасы Әбутәліптің үйіне кірді. Әбутәліптің жұбайы Фатима Асад қызы оған құрмет білдіріп, орнынан тұрды. Мұхаммед: «Жеңеше! Сіздің аяғыңыз ауыр. Орныңыздан тұрмаңыз. Осындай жағдайда мен үшін орныңыздан тұрғаныңызды қаламаймын»,-деді. Мұхаммедті өз ұлындай жақсы көретін Фатима: «Құдай атымен ант етейін, сені көрген кезде ішімдегі балам қозғалақтап, орнымнан тұруға мәжбүр етеді»,-деді.

Фатима босанар кезі жақындап қалғанда Құдай үйін тәуіп етуге бұрыннан да көбірек баратын болды. Осындай күндердің бірінде әл-Харам мешітінде отырған адамдар Қағба қабырғасының (Рокн-е Ямони) бір бөлігінің ашылып, Әбутәліптің жұбайы Фатиманың Қағба ішіне кіргенін көріп, таң қалды. Олардың таңырқаған көздерінің алдында қабырғадағы жарық қайта бітелді. Бұл оқиға халық арасында тез таралып, Меккедегі барлық әйел мен еркектің құлағына жетті. Бәрі осы таңғажайып оқиғаның соңы не болар екен деп күтті. Әбутәліптің жұбайы үш күн Қағбаның ішінде болды. Төртінші күні Қағбаның айналасына жиналған адамдар оның қабырғасы бұрынғы жерден қайта ашылғанын көрді. Фатима нәрестесін құшағына басып, Құдай үйінен шықты. Бірер сәттен кейін Фатима айналадағыларға күлімдей қарап: «Халайық, Құдай мына пәк сәбиге бола мені басқа әйелдерден артық санаған сыңайлы. Өйткені осы күнге дейін ешбір әйелге Қағбада босануға рұқсат етілмеді. Алайда Құдай мені өз үйіне кіргізіп, осы қасиетті жерде баламды дүниеге әкелуге рұқсат берді»,-деді.

(Қағба қабырғасындағы жарық 1450 жылға жуық уақыт өтсе де, айқын байқалады)

Фатима нәрестесімен үйге келгенде Мұхаммед Әмин сол үйде еді. Фатиманың пәк нәрестесі сол кезге дейін көзін ашпаған болатын. Мұхаммед жеңгесін құттықтап, баланы қолына алған кезде ол көзін ашты. Мұхаммед нәрестенің бетінен сүйіп, атын «Әли» деп қойып, аға-жеңгесіне баланың болашағы жарқын болатынын айтып, сүйіншіледі*.

Әли 6-8 жасқа келгенде Меккеде қатты қуаңшылық болды. Сол кезде олардың үйі мұқтаж жандар көп қатынайтын жерге айналды. Әбутәліптің мойнына  ауыр жүк артылған еді. Осындай жағдайда хазірет Хадиджеге (с.) үйленіп, дәулетке ие болған Мұхаммед Әмин (с.) Меккедегі ауқатты адамдардың бірі саналған ағасы Аббасқа барып, Әбутәліпке көмектесуге ұсыныс жасады. Сөйтіп екеуі Әбутәліпке барып: «Біз сенің өзің қалап берген кез келген балаңды өзімізбен әкетіп, бағуға дайынбыз»,-деді. Әбутәліп олардың ұсынысына оң жауап берді. Осылайша Жапар Аббастың үйінде, Әли Мұхаммед Әминнің үйінде тұратын болды. Сол кезден бастап Әли (ғ.) Мұхаммед (с.) үйінде тәрбиеленіп өсті. Исламға шақыру осы үйден басталған. Ол барлық кезеңде пайғамбардың сенімді серігі болды, ешқашан оны жалғыз қалдырмады.

Әлидің Алла елшісімен(с.) бірге болуы оның жаны мен жүрегін адамның ең жоғары ақлақтық қасиеттеріне толтырды. Сөйтіп ол Алла елшісінің(с.) жаны мен тынысына айналды. Ислам пайғамбары(с.) оны «Ғылым мен хикметтің қақпасы» деп таныстырып: «Мен ғылым қаласымын, Әли – оның қақпасы. Білімді қалайтын адам осы қақпадан кіруі керек»,-деген.

Мен білім қаласымын, Әли – оның қақпасы. Ғылымды қалайтын адам осы қақпадан кіруі тиіс.

 

Имам Әли (ғ.) әділетті илаһи үкімдердің рухы мен қаңқасы деп атаған. Сол себепті мұсылмандарды билеуді міндетіне алар кезде өзінің ең жоғары стимулын әділеттік орнату және мұсылмандардың аяққа тапталған құқықтарын қайтару деп біліп: «Тұқымды жарып, жан тудырған Құдайдың атымен ант етейін! Егер адалдық жариялаған адамдардың көптігі болмағанда, серіктер маған үміт артпағанда, Құдай үлемдерден зорлық-зомбылық жасаушылардың ашкөздігі мен жарлы-жақыбайлардың аштығы алдында үнсіз қалмауға серт алмағанда халифатты басқаруды түйенің өркешіне арта салып, босатып жіберер едім»,-деген.

العَدلُ أساسٌ بِه قِوامُ العالَمِ
Әділет – әлемді ұстап тұрған іргетас.

Имам Әли (ғ.) өзінің жеке өмірінде әділеттікті берік сақтағаны сондай, дос пен дұшпанды таң қалдырып отырған. Бір күні Шамның билеушісі Муавия имам Әлидің (ғ.) кәрі әрі соқыр ағасы Ақылдан: «Қыздырылған темір» деген қандай әңгіме?»-деп сұрады. Ақыл: «Менің өмірім қиындап, кедейлікке ұшырап, жаным көзіме көрінген кезде «Інім билікке жетті, мал-мүлкі көп. Алдына барып, көмек сұрайын» деп ойладым. Осы ниетпен қараңғы түнде балаларымның бірінің көмегімен Әлидің үйіне бардым. Ол менің ұлыма: «Бізді жалғыз қалдыр»,-деді. Ұлым бөлмеден шыққан кезде Әли маған: «Жақынырақ кел де ал!»,-деді. Мен қолыма бір қапшық алтын ұстатар деген ашкөздікпен алға ұмтылып, қолымды создым. Бірақ ол кенеттен қыздырылған темірді қолыма жақындатты. Қолым күйіп, айғайлап жібердім. Сол кезде Әли маған: «Не болды? Сен осы әлемнің отымен қыздырылған темірдің ыстығына шыдамайсың. Ал мен тозақ отының қуатына налымауым керек пе! Халықтың мүлкінен Құдай саған белгілеген нәрседен басқаны менен ала алмайсың»,-деді. Имам Әлидің (ғ.) дұшпаны Муавия кенет «аһ» ұрып: «Өкінішті, енді әйелдер Әлидей перзент дүние әкеле алмайды»,-деді.

Ислам мектебінің жоғары құндылықтарының бірі – тақуалық. Тақуалық – материалдық дүниелерден бас тарту, дүниеқоңыздықтан аулақ болу. Имам Әли (ғ.) тақуалықты сипаттауда былай дейді: «Тақуалық деген бірдеңең жоқ болу деген сөз емес. Тақуалық дегеніміз бір нәрсенің құлына айналмау». Осы тұрғыдан Имам Әли (ғ.) өзі ең көрнекті тақуалардың бірі болған. Ол Ислам пайғамбары(с.) сияқты халықтан жырақтап, оқшаулануға қарсы болған. Әла есімді бір кісі имам Әлиге (ғ.) келіп: «Ей, Мүміндердің әмірі! Асем бен Зияд деген ағамның үстінен шағым айта келдім»,-деген деседі. Имам Әли (ғ.): «Не істеп қойып еді?»-деп сұрады. Әла: «Ол ғибадатқа бет бұру және дүниеге теріс айналу үшін «аба» атты арнайы жамылғы киіп, елден жырақтап кетті»,-деп жауап берген. Имам Әли (ғ.): «Оны мұнда алып келіңдер»,-депті. Әла ағасын алып келгенде имам Әли (ғ.): «Ей, өз жанының дұшпаны! Сені шайтан арбап алып па еді? Оның нысанасына алындың ба? Өз жанұяң мен балаларыңды аямайсың ба? Құдай саған осы дүниенің ләззаты мен игіліктерін халал ғып беріп тұрып, сенің оны қолдануыңды қаламайды деп ойлайсың ба?»-деді. Асем: «Ей, Мүміндердің әмірі! Онда сен неге мына қарабайыр киім мен қарапайым тамаққа қанағат етіп отырсың? Біздің имамымызсың, біз сенің айтқаныңмен жүруіміз керек»,-деді. Имам: «Мен сен сияқты емеспін (Менің міндетім сендердікінен бөлек). Құдай хақ таратушыларға  өз-өздерін қатты ұстауға, қоғамдағы әлсіз топтар сияқты өмір сүруге міндеттеді. Ол Алланың әмірінен жалтармауы үшін кедейдің кедейлігінен жерімеуі керек»,-деп жауап берді.

(الزُّهدُ) الرّغبهُ فی التّقوی و الزّهادهُ فی الدّنیا؛
Тақуалық – материалдық дүниелерден бас тартып, қарапайым өмір сүруге ынталану.

Жаны таза адамдар қолдайтын ақлақтық қасиеттердің бірі – жомарттық. Жомарттық белгілерінің бірі – өзі қол ұшын созған адамының мүмін не кәпір, жұмсақ не қатал, адал не пәс екені жайлы мүлде ойламау. Жомарт адам өзі аш отырса да, өзгеге ас береді, өзі жалаңаш отырса да, өзгеге киім береді және бергенін бұлдамайды. Бір күні кәпірлердің бірі имам Әлиден (ғ.) қылышын сұраған екен. Имам қылышын бірден оған сыйлапты. Әлгі адам қылышты қолға алып, жеңісті үнмен: «Ешкім өз қылышын дұшпанның қолына ұстатпайды»,-депті. Имам Әли (ғ.): «Сен мұқтаждықпен маған қарай қол создың, мен мұқтаждың қолын бос қайтара алмаймын»,-депті. Кәпір адам бұл сөзді естіп, қатты толқып, сол сәтте исламға бет бұрған екен. Әрине имам Әли (ғ.) тек мал-мүлік берумен шектелмеген, сан рет жанын да ықылас табағына салып, хақ жолында әрекет етті. Хиджрат түнінде Ислам пайғамбарының(с.) жанын сақтап қалу үшін имам Әли оның төсегіне жатып, Алла мен оның елшісі жолында өз жанын пида етуге дайын болған.  

Сіздерді тағы да мүміндердің әмірі Әли бен Әбутәліптің туған күнімен құттықтаймыз!

*Х.қ.ж.с.б. 908 жылы танымал сүннит үлемдерінің бірі болған философ Джалаледдин Мұхаммед Дауанидің «Нур ул-һадайе фи асбат ул-уалайе» кітабынан алынған.   

Тегтер