Сәу 21, 2021 00:47 Asia/Almaty

Рамазан айы барлық ислам елдері үшін айрықша құрмет пен салтанатқа ие. Бүгінгі бағдарламада Иранда Рамазан айында орындалатын әдет-ғұрыптармен таныстырамыз.

Иран – түрлі ұлттар тату тіршілік етіп жатқан байтақ ел. Иран халқы жыл сайын түрлі ұлттық және діни рәсімдерді ерекше ынта-құлшыныспен орындайды. Осы рәсімдерде өздерінің ұлттық және діни сенімдерін ең әдемі қалыпта жеткізіп отырады. Ирандағы ең маңызды діни рәсімдердің бірі Рамазан айына қатысты. Олар елдің түрлі өңірлерінде әрқилы өткізіледі.

Сұхбат беруші: Мен Әлимін. Ирандық жігітпін. Кәсібім – ішкі туризм. Иранның барлық дерлік қалалары мен ауылдарына сапар шектім және түрлі ұлттардың рәсімдерімен жақыннан таныспын. Алайда Рамазан айында Иранның қай жерінде болсаңыз да, бәрібір. Күн батар кезде әрбір үйден ауызашарға дайындалған ирандық тамақтың буы шығып, көшелерді толтырып, сәресі мен ауызашар кезіндегі мінәжат пен дұға дауысы қала мен ауыл тұрғындарына ереше сезім сыйлайды. Ирандықтар арасында көне де қызықты рәсімдердің бірі – тас ату рәсімі. Ол әлі күнге дейін Иранның кейбір аудандарында орындалады. Осы рәсім бойынша, Рамазан айы басталар алдындағы күннің кешінде үлкен-кіші демей бүкіл халық қолдарына тас алып, Құбылаға қарай тұрып: «Құдайым, өткен күнәлар мен нашар істерімді сындырып, өзімді Рамазан айында ғибадат етіп, ораза ұстауға дайындадым»,-деп, тасты жерге атады. Тас сынса, олардың нашар істері сынып, жойылады деп сенетін.

Барлық ирандықтардың жадында  бала кездегі сәресі туралы жақсы естелік сақталған. Менің есімде қалғаны: технология қатты дамымай тұрғанда және оятқыш сағат болмағанда көршілердің біреуі басқаларын ояту міндетін атқарып, белгілі бір мезгілде үйдің қоңырауын соғып, жанұя мүшелерін оятатын. Сөйтіп олар сәресін ішіп, таңғы намаз оқуға дайындалатын. Кейіннен Құм қаласына сапар шеккен кезімде бұл рәсімнің әлі күнге дейін сақталып қалғанын көрдім. Халық оны «саһархани» (сәресіне шақыру) деп атайды. Арнайы адамдар таңға қарай сәресіне арналған мінәжатты оқып, қолдарына шам ұстап, көше аралап, көршілерді оятады. Құм ғана емес, Хомейн сияқты қалаларда да осындай рәсім сақталған. Хомейнде жас балалар даңғара соғып, көршілерді оятады.

Иранда Рамазан айының таң сәрісінде орындалатын көне рәсімдердің бірі – «шухани» (түнгі шақыру). Көбіне Оңтүстік Хорасан облысында өткізіледі және жалпы «саһархани» рәсіміне ұқсас келеді. Рәсім бойынша, сәресі кезінде үш рет даңғара қағылады. Бірінші ретте сәресіне оятып, дайындау үшін, екінші ретте сәресін ішу үшін және үшінші ретте таңғы намазды оқу үшін соғылады. Даңғара соғылған сайын дауысы жақсы ер адам дұға оқып, мінәжат етіп, халықты оятып, сәресін ішуге шақырады.

Рамазан айының басқа бір рәсімі – ерлер мен әйелдерге бөлек Құран кітабын оқу жиындарын өткізу. Бұл рәсім үйде де, мешітте де атқарылады. Онда әдетте Рамазан айының әр күні Құранның бір бөлігі жиынға қатысып отырған адамдар тарапынан оқылады. Рамазан айы аяқталғанда Құран кітабы толық оқылып бітеді. Әсіресе Қадір түндерінде Құран оқу осы түннің арнайы дұға-тілектерімен бірге ораза ұстаған мұсылмандарға ерекше рухани нәр береді. Жылдың басқа мезгілінде мұндай көңіл-күй сирек кездеседі.

Иранда Рамазан айындағы ауызашар рәсімі де жоғары орынға ие. Ислам дінінде ораза ұстағандарға ауызашар беруге көп кеңес берілген. Ирандықтар әлемде өз қонақжайлылығымен танымал. Сол себепті Иран халқының үйлері ауызашар кезінде қонақтарды қабылдауға дайын. Иранның оңтүстік-шығысындағы Систан мен Белуджистан облысы тұрғындарының ауызашар кезіндегі рәсімі «Арк о Барк» деп аталады. Бұл сөз «әкелу-әкету» деген мағына береді. Әрбір үйде ауызашар кезде ошақтан түтін шықса, үй иесі түтіннің иісі жеткен үйге дейін пісірген тамағын апаруы керек. Осындай рәсімнің арқасында адамдардың көбі ауызашар кезде бір-біріне қонақ болады және кедейлер де тамақтан кенде қалмайды. Иранның солтүстігіндегі түркімендерде «Йа, Рамазан» атты рәсім бар. Рәсім бойынша Рамазан айының ортасындағы ауызашар кезде мешіттерде жамағат имамымен бірге шүкір айтылғаннан кейін мұсылмандар бір-бірінің үйіне барып, жас балалар осы қонақасыларда өлең оқып, ән айтады. Бұл рәсім мұсылмандарды ораза ұстауды жалғастыруға ынталандыру үшін өткізіледі.  

Рамазан айында тағамның алуандығы басқа кезден ерекше байқалады. Бұл айда Иранның түкпір‑түкпірінде ауызашар дастарханы алуан түрлі тағамға толы болады. Мысалы, Хамадан облысында «Хураки-е ангоштпич» (тіл үйірер тағам) дастарханға қойылады. Астың дәмі тәтті, тағамдық құндылығы жоғары. «Фатир» наны да ирандықтардың көбінің ауызашар дастарханына қойылады. Тәтті әрі ыстық нан құрма және сүтпен бірге желінеді. Күрд әйелдері «Кулбаре» нанын пісіріп, Рамазан айының 27-ші күні көршілерге таратады. Олар «Кулбаре» нанын құрмамен бірге мешітке апарып, намазхандар арасында таратады. Гиляндықтардың дастарханынан «Фалуде гүл» тәттісін көруге болады. Ол күріш ұнынан жасалады. «Ферениге» (мәниге) ұқсайды. Ораза ұстап жүргендердің ағзасына өте пайдалы. Шай – ирандықтардың сәресі мен ауызашар дастарханындағы тұрақты сусын. Алайда осындай түрлі тағамдармен бірге ирандықтардың ауызашар дастарханына қарапайым тамақтар, соның ішінде нан, сыр, құрма, тағамдық шөп, жаңғақ пен тәтті шай қойылады. Ораза ұстаушылар осылармен ауыз ашады.  

Ислам революциясынан кейін Иран мен ислам елдерінің көбінде Рамазан айында орындалатын маңызды рәсімдердің бірі – Құдс күні. Дүниежүзілік Құдс күні Рамазан айының соңғы жұмасына белгіленген. Имам Хомейни 1979 жылы бұл күнді Палестина халқын қолдауға арналған ресми күн деп атап, әлемнің барша мұсылмандарын Израиль үкіметі мен оның демеушілерінің қолын қысқарту үшін бірігуге шақырды. Имам Хомейни х.ш.ж.с.б. 1358 жылы 16 мордадта жолдаған жолдауында әлем мұсылмандарына былай деді:

Алланың атымен бастаймын!

Мен жылдар бойы басқыншы Израиль режимінің қатері туралы ескертіп келдім. Ол қазір палестиналық бауырлар мен қарындастарға өктем шабуылдарын үдетіп отыр. Әсіресе Ливанның оңтүстігінде палестиналық күрескерлерді жою мақсатында олардың үйлерін бомбалап жатыр.

Мен әлемдегі барша мұсылмандар мен ислам елдері үкіметтерін осы басқыншы режим мен оның демеушілерінің қолын қысқарту үшін бірігуге шақырамын. Әлем мұсылмандарын Рамазан айының соңғы жұмасын, яғни Қадір түндерінің бірін Палестина халқының тағдырын анықтайтын күн ретінде «Құдс күні» деп атап, арнайы рәсім өткізіп мұсылмандардың Палестина халқының заңды құқықтарын қолдайтынын білдіруге шақырамын. Алла тағаладан мұсылмандардың кәпірлерді жеңуін сұраймын.

Рамазан айының соңғы жұмасын «Құдс» күні деп атау көптеген ағартушылар мен өнерпаздардың қолдауына ие болды. Бүгінде Иранмен қоса, әлемнің түрлі елдерінде Құдс күніне арналған шеру мен рәсім өтеді.

Рамазан айы аяқталғаннан кейін ирандықтар елдің түкпір‑түкпірінде басқа мұсылмандар сияқты Ораза айт намазын бар сән-салтанатымен оқиды. Одан кейін намаз оқушылар арасында «назри» - уағда етілген тағам таратылады. Мысалы, Йезд қаласының халқы арнайы рәсімде Ораза айт күні таңертең Абулфазл әл-Аббастың атынан «аш-е назри» - уағда көжесін пісіріп, намазхандарға таратады. Шираз қаласында Ораза айт күні таңертең намазхандар бір-бірін таңғы асқа шақырады. Олар нанға оралған сыр мен тағамдық шөптерді көршілер мен жаяу жүргіншілерге таратады. Иранның солтүстігіндегі халық Ораза айт күні ұлттық киімдерін киіп, көшеге шығып, бір-бірін осы ұлы мейраммен құттықтайды.

Ораза айттағы әдемі рәсім «Аштиконан» - татуласу  деп аталады. Көне дәстүр бойынша осы ұлы мейрамда ақсақалдар үлкендігін көрсетіп, адамдардың арасындағы түйткілді шешіп, ренішті жояды. Осындай ізгі амалмен мейрамның мәнін одан ары арттыра түседі. Сондай-ақ, жаңа үйленген ерлер жұбайларына киім, тәтті-дәмді және жеміс-жидек сыйлайды. Иранның кейбір өңірлерінде, мысалы Систан мен Белуджистанда Ораза айт қарсаңындағы кеште әйелдер мен қыздар қолдарын қынамен бояйды. Олар алақандарына әдемі гүлдердің суретін салып, Оразаны айтты қарсы алады.

Тегтер