Путин әлемде жаңа қаржы жүйесін қалыптастыруға шақырды
(last modified Fri, 25 Nov 2022 13:16:05 GMT )
Қар 25, 2022 19:16 Asia/Almaty
  • Путин әлемде жаңа қаржы жүйесін қалыптастыруға шақырды

Ресей Президенті Владимир Путин көпполярлық жүйенің шындығына негізделген қаржы жүйесін қалыптастыруға шақырды. Ол: «Цифрлық валюталық технологиялар негізінде банктер мен үшінші тараптың араласуынан тәуелсіз қатысушылар үшін әрі ыңғайлы, әрі толығымен қауіпсіз халықаралық төлемдердің жаңа жүйесін құруға болады»,- деді.

 

Ресей Президенті былай деді: «Әлемнің қаржы институттары көпполярлы дүниенің шындығына сай болуы және демократиялық принциптерге сүйене отырып әрекет етуі керек. Қазіргі халықаралық төлем жүйесі қымбат, оның есеп және реттеу жүйелерін үкіметтер мен қаржы компанияларының шағын тобы бақылайды». Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін соңғы бірнеше онжылдықта АҚШ дүниежүзілік қаржы жүйесіндегі үстемдігін және оның валютасы долларды басқа елдерге қысым көрсету үшін пайдаланды. Қазір әлемдік сауданың басым бөлігі доллармен жасалатынын ескерсек, Вашингтон бұл мәселені бәсекелес және жау елдеріне соққы беру үшін қысым тұтқасы ретінде пайдаланады. Шын мәнінде, Американың долларды құрал ретінде пайдалануы әрқашан қазіргі халықаралық валюта және қаржы жүйесіне қатысты ең маңызды сындардың бірі болды. Дүниежүзіндегі ірі банктер, АҚШ доллары және дүниежүзілік қаржы инфрақұрылымы негізінен АҚШ бастаған Батыс блогының аумағында және олардың бақылауында. Бұл мәселе Американың осы экономикалық шиеленісті басқа елдерге қарсы қару ретінде пайдалануына мүмкіндік береді. Өткен айларда Батыс бұл қаруды Ресейге қарсы бағыттады. Германияның қаржы министрі Кристиан Линднер: «SWIFT жүйесінен шығару - Батыс Ресейге қарсы экономикалық санкция ретінде шығара алатын ең өткір қылыш»,- деді.

Америка Құрама Штаттары мен оның одақтастарының Ресейге қарсы ең қатаң санкцияларды енгізу, сондай-ақ осы елдің сауда және энергетикалық алмасуларына жол бермеу әрекеттері  долларды әлемдік сауда мен қаржыда басым рөл атқарған халықаралық валюта ретінде ауыстыруға жаңа ынталандыру туғызды. Ресейдің Украинаға басып кіруін пайдаланып, Мәскеуді әлсірету үшін Вашингтон мен оның одақтастары Ресейге қарсы ауқымды экономикалық санкциялар енгізді, бұл Ресейдің Орталық банкіне, Ұлттық әл-ауқат қорына, банктерге және жеке тұлғаларға АҚШ долларымен сауда жасауға тиым салады. Ресей мен Қытай АҚШ-тың әлемдік қаржы жүйесіндегі үстемдігін теріс пайдалануы салдарынан долларға негізделген қаржы жүйесінің орнына балама жүйелер құруды көздеп отырған екі ел. 2015 жылдан бастап Қытай «Шетелдегі төлем жүйесі» деп аталатын жүйені іске қосты және оны кеңейтуде. «Қаржылық хабар алмасу жүйесі»  сонымен қатар 2014 жылы құрылған және қазір оған 400 қаржы институты қосылған SWIFT-тің ресейлік баламасы болып табылады. Доллар әлі күнге дейін әлемдегі ең үлкен резервтік валюта болғанымен, АҚШ-тың оны қаржылық қару ретінде пайдалануы көптеген елдердің баламалы валюталарға инвестициясын әртараптандыруға бағытталған қозғалысын жеделдетуі мүмкін. Ал Ресейге қарсы санкцияларға қатысқысы келмейтін Түркия, Үндістан және Қытай сияқты елдер Мәскеумен қатынасында  ұлттық валюталарды қолдану тәсілін ұстанды. Енді Путиннің әлемде цифрлық валюталарды пайдалану сияқты долларлық емес негізге негізделген жаңа қаржы жүйесін құру туралы ұсынысымен бұл салада жаңа көзқарас пайда болды. Бұл Ресей мен Қытайдың тәуелсіз банкаралық байланыс жүйелерін құруы сияқты басқа шаралармен қатар әлемді АҚШ үстемдік ететін қаржы жүйесінен босата алады.