Хорватия Президенті Лариджани және Хашеми Рафсанджанимен кездесті
(last modified Thu, 19 May 2016 12:05:29 GMT )
Maм 19, 2016 18:05 Asia/Almaty
  • Хорватия Президенті Лариджани және Хашеми Рафсанджанимен кездесті

Иран Ислам Кеңесі Мәжілісінің төрағасы Хорватиямен сауда-экономикалық қатынастың артуын қалайтынын білдірді.

IRNA ақпарат агенттігінің хабарлауы бойынша, Иран Ислам Кеңесі Мәжілісінің төрағасы Әли Лариджани сәрсенбі күні түстен кейін Теһранда Хорватия Президенті Колинда Грабар Китаровичпен кездесіп: «Қазір екі елдің экономикалық байланысының деңгейі төмен. Екі елдің әлеуеттерін сауда-экономикалық қатынастарды арттыруға жұмсайтын мезгіл жетті»,-деді.

Лариджани аймақтың жағдайына тоқталып: «Бейбітшілік орнатып, терроризмді жою үшін барлық елдер осыған қатысты ортақ түсінікке жетіп, халықаралық ерік-жігер танытып, олармен күресуі тиіс. Бірақ лаңкестікпен күрестің жалғыз жолы әскери тәсіл емес екендігі анық»,-деп баса айтты.

Хорватияның Президенті де осы кездесуде: «Хорватия темір жол, кеме жасау, энергетика, тамақ өнеркәсібі, тауар тасымалдау және туризм салаларында жұмыс істейтіндіктен мол тәжірибеге ие. Осы салалар бойынша Иранмен әріптестік жасай алады»,-деді.

Иранның Жүйе мүддесін анықтау алқасының төрағасы аятолла Хашеми Рафсанджани де Хорватия Президентімен кездесуде осы елмен қарым-қатынастың дамуын қолдайтынын білдіріп: «Еуроодақ елдерімен әріптестік жасау Иранның экономикасы мен өнеркәсібін нығайтуға көп септігін тигізеді»,-деді.

Хорватия Президенті осы елдегі мұсылмандардың жағдайын баяндап: «Хорватиядағы мұсылмандардың өмір сүру және қарым-қатынас түрі Еуропа елдері үшін ислам дінін ұстанушылармен әріптестік жасау жолында үлгі бола алады»,-деді.

Тегтер