Қаз 10, 2023 15:43 Asia/Almaty
  • Иранның туристік тартымдылықтары (29)

Керманға сапарды жалғастырып, Шахзада Махан бағына барып, сіздерді осы әдемі бақпен таныстырамыз.

Керман – төрт мезгілдің жері. Бұл облыста төрт мезгілді бір уақытта тамашалауға болады. Керманда сіз әдемі де таңғажайып шөлден сәл арырақ жүрсеңіз, салқын да жайлы аймаққа жетесіз. Қысқа қашықтықта түрлі географиялық жағдайды көруге болады. Бұл осы кең ауқымды облыстың ерекшеліктерінің бірі саналады. Иранның бұл бөлігінің әдемі де таңғажайып шөлдерінен басқа, шынымен жұмақты еске түсіретін бақтары бар. Керманға сапарымыздың жалғасында біз ЮНЕСКО-да Иранның ең үлкен бақтарының бірі ретінде тіркелген «Шахзада Махан бағын» (Shazdeh Mahan Garden) аралауды ұйғардық. Бұл баққа Керман-Бам жолы арқылы жетуге болады. Күре жолдан 35 км қашықта шөлдің қақ ортасында орналасқан Махан қаласынан 3 км жүрсек, асыл жасыл тастай жарқырайтын  "Шахзада Махан бағына" жетеміз.

 

Шахзада Махан бағын шөлдің қақ ортасында орналасқан жасыл мұхит деп атауға болады. Бұл – сұлулығын сөзбен жеткізіп болмайтын керемет жер. Шөл далада бірнеше шақырым жол жүргеннен кейін бұл жасыл және әдемі бақтың болуы шынымен таң қалдырады.

Шахзада Махан бағын қолдан жасалған кеңістік пен табиғи декорацияның ең үздік әрі ең тұрақты үйлесімі деп санауға болады. Сылдырлап аққан су бақтың өне бойын аралап өтіп, таңғажайып тоғандарға құяды. Арық суы ағаштарды нәрлендіріп, бақты жасыл желекке бөлеп, жайнатып тұр. Биік ағаштардың салқын көлеңкесі, гүлдердің хош иісімен толтырылған атмосфера және бақтағы арықтарда ағып жатқан судың жағымды дыбысы тамаша үйлесім туғызды. Бақтың төр жағына субұрқақтың артындағы баспалдақ арқылы көтерілсеңіз, көне зәулім үй, керемет ғимарат көзге түседі. Бұл сарай – шынымен бақтың ең тартымды бөлігі. Бұл – Иран өнерінің, мәдениетінің және өмір салтының ең жақсы әсерлерін көрсететін интерьер дизайны мен көз тартарлық безендірілуі бар тарихи сарай. Шахзада Махан бағы негізгі үй, жоғарғы үй және жеке бақ, Заимбаши үйі, қарауыл мұнарасы және т.б-дан тұрады.

Шахзада Махан бағы

Бұл бақтағы ағаштардың тіршілігіне қажетті су Тигран өзенінен құбыр арқылы жеткізіледі. Су бақтың суару жүйесіне түсіп, арықтар арқылы ағаштардың түбіне дейін ағады. Бұл бақтың су тарату жүйесі арнайы инженерияға сәйкес келеді және оны бақ сәулетшілері өте ақылды түрде жобалаған. Бақта қыдырудың ең жақсы мезгілі – көктемде және жазда гүлдердің хош иісі ауаға тараған кез. Бақ аумағында сонымен қатар мейрамхана, қонақ үйі, интернет желісі бар.  

Шахзада Махан бағы Қаджарлар дәуірінде салынған. Бұл керемет бақ алғаш рет 1276 жылы сол кездегі Керман билеушісі, Иран сардары Мұхаммед Хасан ханның бұйрығымен салынған, 1353 жылы Иранның ұлттық мұралары тізімінде 1012 санымен тіркелген. Шахзада Махан бағының жалпы үлгісі Керманның Ахти Абад ауылында орналасқан және Ирандағы ең әдемі тарихи бақтардың бірі болып табылатын «Фатх Абад бағы» негізінде жасалған.

Шахзада Махан бағы туралы тарихи мәліметтер мен құжаттар әлемнің 35 тіліне аударылған. Ол Керманның туризм индустриясында маңызды рөл атқарады. Бақтың сұлулығы сонша, ол әрбір көрерменді баурап алады. Сіз осы бақ пен оның әртүрлі бөліктерін аралау арқылы Иран тарихының жүрегінде саяхаттау тәжірибесіне ие бола аласыз.

Керман шахзадасының бағы

 

Сапардың жалғасында біз «Бам» қаласына сапар шегіп, әлемдегі ең үлкен саман құрылыс және Иранның ең маңызды әрі құнды тарихи жәдігерлерінің бірі саналатын «Бам» қамалына барамыз.

 

Бам қаласы – Кермандағы, тіпті дүние жүзіндегі ең маңызды көне орындардың бірі. Бамның тарихы мыңдаған жылдардан (шамамен 7-10 мың жыл) тамыр тартады. Бірақ, өкінішке қарай, 1382 жылы осы аймақта болған жер сілкінісінен кейін көп зардап шекті.  Бам қаласы облыс орталығы Керманнан оңтүстік-шығысқа қарай 195 шақырым жерде орналасқан. Құрма, цитрус жемістері, қына сияқты өнімдер, комач, клумпе, кавут сияқты тәттілер және құрма ағаштарынан жасалған қолөнер бұйымдары Бамның әйгілі және маңызды кәдесыйларының қатарында.

Арг-е Бам (Бам қамалы) шикі кірпіштен жасалған әлемдегі ең үлкен монолитті ғимарат ретінде танымал. Бұл кешен шын мәнінде цитадельден тұратын үлкен әрі көрнекті бекініс болып табылады. Кешен "Арг-е Бам" деп аталады. Бұл қамал ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізіміне тіркелген.

Қамалдың ауданы 180 000 шаршы метрді құрайды. Биіктігі 6-7 метр, ұзындығы 1815 метр қабырғалар оны қоршап тұр. Бұл көне қаланың сәулетінде екі бөлек бөлікті көруге болады.

Әскери бекініс, төрт мезгілдік сарай, казарма, 40 метр тереңдіктегі су құдығы және 200 атқа арналған қорадан тұратын үкімет бөлігі ішкі қабырғада орналасқан. Үкімет бөлігін қоршап тұрған шаруа бөлігінде қаланың негізгі қақпасы, базар, 400-ге жуық тұрғын үй, мектептер мен спорт алаңдары сияқты қоғамдық ғимараттар орналасқан.  

Қамалдың тарихы Ахеменилер дәуірінің патшаларының бірі Бахман ұлы Есфандияр кезеңінен басталады. Қолда бар мәліметтерге сәйкес, қамалдың тұрғындары Бамның цитаделінен шамамен 160 жыл бұрын көшіп, оның  сыртқы бөлігіне жайғасып, егіншілікпен және пальма ағаштарын отырғызумен айналыса бастаған.   

Үлкен ғимарат негізінен саз балшықтан және сабаннан жасалған. Оның барлық құрамдас бөліктері топырақ пен балшықтан соғылған. Бұған қарамастан ол түрлі кезеңдерде Бам аймағында болған әрқилы соғыстарда аман қалды.

Бам цитаделі

Өкінішке қарай, 2012 жылы Бам қаласында болған жер сілкінісінен кейін көне ғимараттардың 80%-дан астамы жойылды. Бам қамалының орасан зор және таңғажайып көне кешенін қалпына келтіру жұмыстары басталғалы бері көптеген елдер, соның ішінде Жапония, Италия және Франция Иранмен ынтымақтасып келеді. Жер сілкінісі салдарынан бұл көне кешен жойылып кету қаупі төнген құнды тарихи жәдігерлердің қатарына енгізілген еді. Бақытымызға орай, Иран мәдени мұра ұйымының күш-жігері арқасында және қалпына келтіру жұмыстарының нәтижесінде кешенеге төнген қауіп сейіліп,  ол жойылу алдындағы жәдігерлер тізімінен шығарылды. 

Келесі бағдарламада Керманның тарихи жерлерімен таныстыруды одан ары жалғастырамыз.

Тегтер