Шіл 01, 2024 18:10 Asia/Almaty

Аса қамқор әрі ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз! Армысыздар, ардақты ағайын! Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айта отырып, «Нұрлы жол» бағдарламасының 924-бөлімін назарларыңызға ұсынып, Құран Кәрімнің аяттарына жасалған жеңіл тәпсірмен таныстыруды одан ары жалғастырамыз.

"Ахқаф" сүресінің 15-аятына құлақ түріңіздер:

«وَوَصَّیْنَا الْإِنسَانَ بِوَالِدَیْهِ إِحْسَانًا  حَمَلَتْهُ أُمُّهُ کُرْهًا وَوَضَعَتْهُ کُرْهًا  وَحَمْلُهُ وَفِصَالُهُ ثَلَاثُونَ شَهْرًا  حَتَّى إِذَا بَلَغَ أَشُدَّهُ وَبَلَغَ أَرْبَعِینَ سَنَةً قَالَ رَبِّ أَوْزِعْنِی أَنْ أَشْکُرَ نِعْمَتَکَ الَّتِی أَنْعَمْتَ عَلَیَّ وَعَلَى وَالِدَیَّ وَأَنْ أَعْمَلَ صَالِحًا تَرْضَاهُ وَأَصْلِحْ لِی فِی ذُرِّیَّتِی إِنِّی تُبْتُ إِلَیْکَ وَإِنِّی مِنَ الْمُسْلِمِینَ»

 

Аяттың аудармасы:

Адам баласына, әке-шешесіне жақсылық істеуді нұсқадық. Өйткені шешесі оны зорға көтеріп, әрең босанады. Сондай-ақ оған жүкті болу, (сүттен) айыру отыз ай. Ақыр ол, ержетіп, қырық жасқа ұласқан кезде: “Раббым! Өзіме әке-шешеме берген нығметтеріңе шүкірлік етуімді, өзің разы болатын түзу амал істеуімді маған нәсіп ете көр! Менің ұрпақтарымды да түзелт. Шын мәнінде, мен тәубе қылдым. Әрине мен бой ұсынушыларданмын” деді. (15)

Ислам дінінің ең маңызды ерекшеліктерінің бірі – жанұя мәселесіне көңіл бөлу. Сондықтан Құран аяттары мен діни ілімдердің айтарлықтай бөлігі осы тақырыпқа арналған. Неке қию және отбасын құру бойынша кеңестер, үй ішінде ерлі-зайыптылар арасында сыйластық пен сүйіспеншілікке негізделген қарым-қатынастың болуы, балалы болу және балаларды дұрыс тәрбиелеу, отбасылық дауларды бейбіт жолмен шешудің практикалық шешімдері –  Құранның әртүрлі аяттарында айтылған тақырыптар.

Бұл аят Алла тағаланың иман келтірген және келтірмеген барша адамдарға кеңесімен басталады. Бұл аятта ата-ананың, әсіресе, ананың бала тәрбиесі жолында көретін қиыншылықтары мен азаптарының біразы айтылады. Адамдар ата-анаға кішіпейілдік танытып, олардың ризашылығын алуға ұмтылуы тиіс.

Өкінішке қарай, индивидуализм мен жеке қалауларға тым көп мән берілген заманда неке қию мен отбасын құру саны азайып барады. Тұрмысқа шыққандар аз балаға риза. Бұл үрдістің жалғасуы дамыған елдерде халық санының азаюына және олардың қоғамдарының қартаюына себеп болды. Діни мәдениетте қырық жасқа толған адам шын мәнінде өзінің физикалық және ақыл-ой кемелдігінің шыңына жетеді. Әдетте мұндай адамның отбасы, балалары болады. Бірақ бұл нәрселер оның ата-анасын қараусыз қалдыруға себеп болмауы керек, керісінше ол ата-анаға бұрынғыдан да мейірімді болуы керек.

Мейірім дегеніміз қаржылай көмекті ғана емес, жан-жақты қайырымдылықты қамтитыны анық. Өйткені ата-ананың қаржыға қажеттілігі болмауы мүмкін, бірақ олар балаларының махаббаты мен назарына шөлдейді. Немесе кәрілікке байланысты қамқорлық жасау керек. Ал қажет болған жағдайда оларды емдеп, күту керек. Мейірім сөзі осылардың барлығын қамтиды.

Алайда ата-анаға көңіл бөлу әйелі мен балаларына көңіл бөлуден ғапыл қалдырмауы керек. Сондықтан аяттың жалғасында ұрпақтың салиқалы болуы керегіне тоқталып, Құдайдан сұраумен қатар, ата-ананың мүмкіндігінше жақсы тәрбие беру үшін үздіксіз күш салуы қажеттігі айтылған.

Бұл аяттан үйренетініміз:

Әр ата-ананың бала мойнына артатын құқықтарының бірі – өмір бойы олардан мейірім көру. Мейірімділік уақытша емес, үздіксіз болуы керек.

Ата-анаға мейірімді болуы үшін олардың мұсылман болуы шарт емес.  Ислам мұны діни емес, адамдық кеңес деп біледі.

Әкеге де, анаға да мейірімді болу керек болса да, бірақ бұл арада жүктілік, босану және емізу кезіндегі азаптарға байланысты ананың балаға ерекше құқығы бар. Оған көбірек сүйіспеншілік пен мейірімділік көрсету керек.

Аналардың көрген қиындықтары мен азаптарын еске түсіру балалардың адамдық сезімдерін оятуға әсер етеді.

Ата-анаға қызмет ету – перзент үшін дұға ету және оларды тәрбиелеумен бірге Алла тағаланың адамдарға берген кеңестерінің бірі.

 

 "Ахқаф" сүресінің 16-аятына құлақ түріңіздер:

«أُولَـئِکَ الَّذِینَ نَتَقَبَّلُ عَنْهُمْ أَحْسَنَ مَا عَمِلُوا وَنَتَجَاوَزُ عَن سَیِّئَاتِهِمْ فِی أَصْحَابِ الْجَنَّةِ وَعْدَ الصِّدْقِ الَّذِی کَانُوا یُوعَدُونَ»

Аяттың аудармасы:

Міне бұлар, Біз жақсы амалдарын қабыл етіп, жамандықтарын кешіретін жаннаттықтардың ішінде болады. Бұл, оларға етілген шынайы уәде. (16)

Алдыңғы аятта Алла тағаланың адамдарға ата-ана мен балаға қатысты кеңесі айтылған. Бұл аят осы маңызды илаһи кеңесті өз істерінің басына қойғандардың сауабын сипаттап, былай дейді:  Құдай әділ адамдарды жәннатқа апаруға уәде берді және уәдесінде тұруда Құдайдан да шыншыл кім бар?

Әрине, жәннатқа кірудің шарты – күнәлардың тотынан тазару. Сондықтан Алла тағала игі адамдардың қателіктерін кешіріп, олардың жақсы және ұнамды істерін ең жақсы түрде қабыл етеді. Бұл – Алланың салих адамдарға жасаған ең үлкен нығметі: жақсылық жасағаны үшін оларға бірнеше сауаптар береді.

Бұл аяттан үйренетініміз:

Іс-әрекеттің құндылығы – оның жасалғанында ғана емес, Алла тарапынан қабылданғанында жатыр. Қажетті шарттарға ие және ең жақсы түрде жасалған амалдың Алла тарапынан қабыл болатыны шүбәсіз.  

Ата-анаға жақсылық жасау – жақсы амалдардың қабылданып, Алланың кешірімінен ләззат алудың негізі.

Ата-анасына, әсіресе анасына қызмет еткен адам өзіне жәннатқа жол ашады.

 

"Ахқаф" сүресінің 17-18-аяттарына құлақ түріңіздер:

«وَالَّذِی قَالَ لِوَالِدَیْهِ أُفٍّ لَّکُمَا أَتَعِدَانِنِی أَنْ أُخْرَجَ وَقَدْ خَلَتِ الْقُرُونُ مِن قَبْلِی وَهُمَا یَسْتَغِیثَانِ اللَّـهَ وَیْلَکَ آمِنْ إِنَّ وَعْدَ اللَّـهِ حَقٌّ فَیَقُولُ مَا هَـذَا إِلَّا أَسَاطِیرُ الْأَوَّلِینَ»، «أُولَـئِکَ الَّذِینَ حَقَّ عَلَیْهِمُ الْقَوْلُ فِی أُمَمٍ قَدْ خَلَتْ مِن قَبْلِهِم مِّنَ الْجِنِّ وَالْإِنسِ إِنَّهُمْ کَانُوا خَاسِرِینَ»

Аяттардың аудармасы:

Ал енді әлде кім, әке-шешесіне: “Түһ! Екеуің де мені қайта тірілтіп, шығумен қорқытасыңдар ма? Расында менен бұрын қаншалаған нәсілдер өтіп кетті. (Олар тірілмеді)” деді. Әке-шешесі Аллаға жалбарынып: “Саған нендей өкініш! Иман келтір. Күдіксіз Алланың уәдесі хақ” дегенде, ол: “Бұл, бұрынғылардың ғана ертегісі” деді. (17)

Міне осылар, бұрынғы өтіп кеткен, өздеріне делінген сөз бойынша азапқа душар болған жындар мен адамдар тобынан болады. (18)

Ата-анасының қызметін бағалайтын әділ балаларға керісінше кейбір отбасыларда көргенсіз балалар өседі. Олар ата-аналарына қиыншылық пен ыңғайсыздық тудырады және оларды жаман сөздермен ренжітеді. Олар ата-ананың құқығын құрметтемеумен қатар, олардың діни білімін де қабылдамайды. Бұл адамдар өздерінің діни сенімдерін келемеждеп, илаһи пайғамбарлардың уәделерін, ата-анасының Аллаға құлшылыққа шақыруын өтірік деп санайды.

Осындай қадірді түсінбейтін шүкірсіз адамдардың тағдыры өткен заманғы залымдар мен күнәһарлардікіндей болуы заңдылық. Олар Алланың қаһары мен азабына ұшырайды. Оларды зұлым және зиянды ақырзаман күтіп тұр және олардан құтылуға жол жоқ.

Бұл аяттардан үйренетініміз:

Кейбір балалар көргенсіз болып, дұрыс жолдан тайып кетеді. Бірақ ата-ананың міндеті – оларды теріске шығарып, қарғау емес, перзенттері үшін дұға жасап, тура жолға шақыру.

Ата-ана өз баласына бағыт-бағдар беруге міндетті.  Балалардың әрекеті оң нәтиже бермесе де, олардың діни білімі мен рухани өсуіне күш салуы керек.

Алланы және қайта тірілуді елемейтін адам ата-ананың алдында парызын ұмытып, олардың құқықтарын бұзып, тіпті оларға қарсы тұруы мүмкін.

Осымен бүгінгі бағдарламамыз аяқталды. Баршаңызды бір Аллаға тапсырамыз.