Нау 07, 2019 22:38 Asia/Almaty
  • Имам Мұхамад Бақердің (ғ.с.) туған күні құтты болсын!

Әлемнің барша мұсылмандарын Исламның ұлық пайғамбары әулетінен шыққан имам Бақердің (ғ.с.) туған күнімен құттықтаймыз!

Басына қара сәлде таққан қария күн сайын Медине мешітінде жамағатқа қарап отыратын. Ол бір күні: "Уа, Бақер әл-улум!" (ғылымды ашушы) деп дауыстайды. Бұл қария Алла елшісінің сахабасы Джабер бен Ансари еді. Ол – Исламның ұлық пайғамбарының көптеген рауаятын айтып, хадистердің көбін жазбаша сақтап қалған ғалым. Джабер таңырқаған халықты көріп, оларға бет бұрып: "Мен Пайғамбардан:  "Уа, Джабер, сен тірі қалып, менің «Бақер» есімді ұрпағымды көресің. Оған менің сәлемімді жеткіз" деп айтқан сөзін естігем. Сондықтан мен сол бақытты сәтті асыға күтіп жүрмін",- дейді.

 

Джабердің күткен күні де келіп жетті. Ол имам «Бақер әл-улумді» (ғ.с.) имаматтың хош иісі мен қасиетті болмысының жылуынан таныды. Ол бала бар болғаны имам Джабердің алдынан өткен болатын. Джабер балаға қарап: "Алламен ант етемін, Пайғамбардың аузынан түсіп қалғандай!",- деп, имам Саджадтан (ғ.с.) баланың кім екенін сұрайды. Имам Саджад: "Менен кейінгі имам, перзентім – Мұхаммад Бақер ",- деп жауап береді. Қасиетті есімді естіп, Джабердің жүрегі толқып, қуанып орнынан тұрып, имам Бақердің (ғ.с.) аяғын сүйіп: "Пайғамбардың перзенті, құрбаның болайын... Ұлы атаң, Алла елшісінің саған жолдаған сәлемін қабыл ал",- дейді. Имамның көзі жасқа толып: "Алла елшісі атам мен хазіреттің сәлемін жеткізген Джабер сіздің өзіңізге сәлем мен салауат жолдаймын",- дейді.

Ережеп айы өмір кітабының ғибадаттың хош әтіріне толы жаңа кезеңін ашады. Ережеп – таухид айы, Алламен сырласатын ай. Ережеп – мүнәжәт оқушылар күндерін Алламен жеке сырласу үшін түнді асыға күтумен өткізетін ай. Ақиқат жолындағылардың жүректерін барлық нәрседен алыстатып, бар болмыстарын тек бір Аллаға қаратып бұл айда: "Барлық нәрсені ұмытып, бір Өзіңе бет бұрдым. Менің мақсатым – тек Өзің, тек Сен үшін түнді ояу өткізіп, аз ұйықтадым",- деп сұрағаны қандай көркем! 

Қасиетті ережеп айының басталуы мен имам Мұхаммад Бақердің (ғ.с.) туған күні мүбәрәк болсын!

 

Имам Мұхаммад Бақер (ғ.с.) Медине қаласында өмір сүріп, дінді тарату және шәкірт тәрбиелеумен айналысты. Хазірет ислам қоғамына төнген қиындықтарға қарамастан шынайы талпынысымен ислам ғылымы саласында үлкен қозғалыс ұйымдастырды. Бұл қозғалыс ірң исламдық жоғары оқу орнының құрылуына жеткізіп, имам Садықтың (ғ.с.) кезінде жоғары деңгейіне жетті.

Имам Бақердің (ғ.с.) ғылыми жұмыстары тек бір ғылыммен шектелмеді. Имам тәпсір, Құран, хадис, фикх және астрономия салаларында танымал шәкірттерін тәрбиеледі. Имам Бақер (ғ.с.) мектебі шәкірттерінің бірі куфелік Джабер бен Язид Джуғфи болды. Ол имаммен бірінші рет кездесуі туралы: "Жас кезімде имамға келген кезде ол кісі менен: "Кімсің, не үшін келдің?"- деп сұрады. Мен: "Куфеден келдім. Білім алу үшін Мединеге сіздің қасыңызға келдім",- деп жауап бердім. Имам Бақер (ғ.с.) мені жақсы қарсы алып, бір кітап берді",- деп есіне алатын. Сөйтіп, Джабер имам Бақердің (ғ.с.) шәкірттерінің қатарына қосылып, хазіреттің серіктерінің бірі болды. Ол көп оқып, кез келген сұраққа нақты жауап беретін. Ол жауап берген кезде: "Пайғамбарлар білімінің мұрагері имам Мұхаммад Бақер (ғ.с.) маған былай деген" деп есіне алатын. Джабер имамның білімі алдында өзінің білімін өте төмен санап, өз көзқарасы мен пікірін айтпайтын.

Имам Бақер (ғ.с.) басқа пәк имамдар секілді Құранның нұрлы аяттарын іс жүзінде орындады. Имамның қасиеттері мен ахлағының ерекше жағымды болып, ғылыми деңгейінің жоғары әрі өз кезеңіндегі ең білімді адам болғанын барлық мұсылман ғұламалары мойындайды. Имам Бақер (ғ.с.) ғылыми деңгейіне қарамастан әрқашан қоғам жұмыстарына белсенді қатысты. Қоғамдық қарым-қатынастарда сабыр сақтауы, мақұрымдарға көмектесуі, кешірім, жанкештілік, достық пен достарға мейірімділік танытып, отбасын жақсы көруі хазіреттің ерекшеліктері болды. Кітаптардің бірінде былай деп жазылған: "Күндердің бірінде сырт көзге сопы болып көрінетін бір адам имам Бақердің (ғ.с.) жаздың аптап ыстығында егістік жерде жұмыс істеп жүргенін көреді. Әлгі адам: "Сіз сияқты тұлға дүниенің күйбең тіршілігі үшін үйден шықпауы керек. Қатты терлеп тұрсыз. Егер осы жағдайда өлім келсе, Алламен қалай кездесесіз?"- дейді. Имам Бақер (ғ.с.): "Егер өлім келсе, ғибадат жасап жатқан жағдайда Алламен кездесуге асығамын. Ғибадат тек зікір айтып, намаз оқу ғана емес. Сен сияқты адамдарға мұқтаж болмас үшін мен жұмыс істеп жатырмын. Аллаға бағынбаған жағдайда өлімнен қорқуымыз керек",- деп жауап берді".

 

Имам Бақер (ғ.с.) ғылыми және мәдени жұмыстармен қатар саясаттан да хабардар болды. Хазірет мұрсат туған сайын Умайе әулетінің залым басшыларының шынайы жүзін әшкерелеп, өз жақтастарын залым үкіметпен ынтымақтастық жасамауға шақырды. Бір адам имам Бақерден (ғ.с.): "Мен Хаджадж бен Юсефтің кезінен осы күнге дейін үнемі басшы болдым, енді тәубем қабыл бола ма?"- деп сұрайды. Имам жауап бермейді. Адам сұрағын қайталағанда имам: "Әрбір адамның құқығын төлемей, тәубең қабыл болмайды",- деп жауап берді.

Имамның жақтастарының бірі Абдолғафор бен Қасем былай деп есіне алатын: "Имам Бақердан (ғ.с.) "Менің билік басындағыларға жақындап, сараймен байланыс орнатуым туралы не ойлайсыз?" деп сұрағанда, имам "бұл ісіңді дұрыс санамаймын" деді. Мен "Кейде Шамға барып, Ибраһим бен Валидпен кезедесемін" деп сөзімді жалғастырдым. Имам "Уа, Абдолғафор! Сенің билік басындағылармен қатынас орнатуыңның үш салдары бар: жүрегіңе дүниеге  махаббат білдіру сезімі еніп, өлімді ұмытасың; Алланың саған бергеніне наразы боласың" деді. Мен "Алла елшісінің перзенті! Менің әйелім мен бала-шағам бар. Сондықтан сарайға  сауда жасау үшін барып жүрмін" деп түсіндірдім. Бірақ имам: "Уа, Алланың пендесі! Мен сені дүниеден бас тартуға шақырмаймын, күнә мен дүниенің жылтырағынан тартынғаныңды тілеймін. Күнәдан тартыну – уәжіп. Сен қазір уәжіптеріңді орындағаның абзал",- деді".

 

Имам Бақер (ғ.с.) залым басшыларға қарсы көтеріліс жолын көрсетті. Имам рауаяттарының бірінде Мұхаммад бен Муслимге: «Уа, Мұхаммад! Залым басшылар мен олардың жақтастары Алланың дінінен ауытқып, өздері адасып, басқаларды да адастырмақ. Олардың істері дауыл тұрған күні шашылып, орнында еш нәрсе қалмайтын күл секілді. Олар адастыруды ғана көздейді»,- деді.   

Имам Бақер (ғ.с.) өзінің Джабер ибн Язид Джуғфи есімді серігіне былай деген: "Уа, Джабер! Адамның бізбен тек доспын деп айтқаны жеткілікті ме? Расында, Құдайдан қорқатын, оның бұйрығын орындайтын адам ғана бізбен бірге болады. Бізбен бірге болатындардың белгілері бар. Олар – қарапайым әрі мойынсұнғандар, Алланы естерінен шығармайтын аманатшылдар. Олар ораза ұстап, намаз оқиды, ата-аналарына жақсылық істейді. Шындықты айтып, Құран оқиды. Олар аманатқа берік, кедей көршілеріне қарасып, өзгелерді жақсылықпен еске алады. Алланың жазасынан қорқыңдар, Оның дайындаған нәрсесіне ұмтылыңдар»,- деген. 

 

 

Джабер имамнан көбірек түсіндіруді сұраған кезде имам Бақер (ғ.с.) былай деген: «Алла мен адамның арасында ешкім жоқ. Алланың ең сүйікті пенделері – тақуалар; олардың ең маңызды факторы – Жаратушының бұйрықтарына бағыну. Уа, Джабер! Алламен ант етемін, пенде Жаратушысына тек Оған бағынып, Оның бұйрықтарын орындау арқылы ғана жақындай алады. Аллаға бағынатын адам – біздің досымыз. Күнә жасаған адам – біздің дұшпанымыз. Біздің велаятымызға  адал амал етіп, жаман істерден тартынатын адам жетеді»,- деген.

 

 

 

Тегтер